Қазақстанда жетінші жыл тұрып жатқан америкалық профессордың айтары

0 12

«Мұнда мені не таңғалдырғаны жайлы білгіңіз келе ме? Қыздың ұзатылуы, бұл дәстүрдің соңғы жағы өте мұңды», — дейді Назарбаев Университеті профессоры Майкл Льюис жүзіне күлкі үйіріліп.

Google арқылы оның атын жазып іздеп көрсеңіз америкалық жазушы әрі қаржы журналисі Майкл Монро Льюис — қаржы туралы бестселлер кітаптардың авторы ретінде табасыз. Ал негізінде қазақстандық Майкл Льюистің (бұлай деуімізге де себеп бар, себебі ол осымен жетінші жыл елімізде тұрып жатыр) өз аттасымен еш байланысы жоқ. Оларды байланыстыратыны сандарға деген қызығушылық қана. Назарбаев Университетінің (ғылым мен технология мектебі) профессоры — есептеу ғылымы мен киберқауіпсіздік салаларының маманы.

TENGRINEWS: Интернеттегі қауіпсіздік мәселелерімен айналысасыз. Осыған байланысты қандай кеңес айтасыз? Мысалы, Instagram, Facebook я тағы басқа желілерді қолдану қажет пе?

Майкл Льюис : Жастардың Желіні қалай пайдаланатыны осы әлеуметтік желілерді жасаушылардың өзін алаңдатады. Зерттеулерге қарасақ, әлеуметтік желілер жастарды өте бақытты етеді. Жас буынның нені естіп, нені көретіні біздің жас кезіміздегі көріп-білгенімізге ұқсамайды.

TENGRINEWS: Ал өзіңіз әлеуметтік желілерді қолданасыз ба?

Майкл Льюис : Жоқ, Facebook-те де, Instagram-да да аккаунтым жоқ.

TENGRINEWS: Неге?

Майкл Льюис : Бұл компаниялардың қолданушылардың дерегін қолданып, осы арқылы табыс табатыны ұнамайды. Құпиялық жайында мәселе бар, бұл мәліметтердің кімнің қолында екені түсініксіз. Сонда шығатыны, қаншалықты көп әлеуметтік желіні қолдансаң, соншалықты көп бұл компаниялар табыс табады.

TENGRINEWS: Әлеуметтік желілер уақытыңды өлтіреді деген де сөз бар.

Майкл Льюис : Иә, өте көп уақытыңды алады. Мысалы , 8-10 адамнан құралған бір топтың мейрамханада смартфоннан көз алмай отырғанын байқаймын. Сонда бір-бірімен араласудың орнына олар телефонға телміріп отырады.

TENGRINEWS: Сіздің студенттер — заманауи жастар. Әлеуметтік желілер жайлы оларға не айтасыз?

Майкл Льюис : Бірден басын ашып алайын, кейбір әлеуметтік желілер өте пайдалы, достарыңмен, отбасыңмен байланысасың. Бірақ бір күнде шамадан тыс уақытын телефонға телмірумен өткізетін жағдайда проблема басталады. Зерттеулерге қарағанда, жастар нақты бір адаммен емес, бірінші кезекте телефонмен байланыста. Сондықтан кейде студенттеріме қарапайым болуға кеңес беремін, себебі өмір әрдайым Инстаграмдағыдай «көңілді» бола бермейді.

TENGRINEWS: Қазақстанға қалай келіп қалдыңыз?

Майкл Льюис : Қазақстанға осыдан жеті жыл бұрын келдім. Оған дейін Карнеги-Меллон университетінде (АҚШ) жұмыс істедім. Карнеги-Меллон университеті сол кезде Назарбаев Университетіндегі Ғылым және технологиялар мектебінің ресми серіктесі болған еді. Негізі Назарбаев Университеті — таңғажайып жоба. Жоба құрылып жатқан кезде Бүкіләлемдік банк өзінің зерттеуін жүргізген болатын. Зерттеу мықты университет салу үшін үздік тәжірибені енгізіп, барлығын басынан бастау керектігін көрсетті. Содан мені осында шақырды. Себебі менің компьютерлік ғылымдар, білім, халықаралық жобалар, технологиялар саласында үлкен тәжірибем бар. Бұл мен үшін үлкен құрмет болды. Осылайша, мен осында отбасыммен бірге қалуды шештім. TENGRINEWS: Қазақстанға келу туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз? Біздің елге келген сәтті еске алып көріңізші.

Майкл Льюис : Мен Қазақстанды көрмей-ақ, осы ұсынысты қабылдадым. Астанаға келгенде таңғалдым. Назарбаев Университетінің атриумына алғаш кіргенде таңғажайып дүниені көрдім. Сол кезде мен осы жобаның қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Мұнымен қоса, күн суықта блоктан жұмысқа дейін баратын кезде сырт киімді кимей-ақ қоюға болатыны өте ыңғайлы.

TENGRINEWS: Назарбаев Университетінде немен айналысасыз?

Майкл Льюис : Кейінгі екі жылда студенттермен бірге желілік трафикті зерттеумен шұғылданып келеміз. Былайша айтқанда, хакерлердің бұзып кіруін зерттеп, мұның қандай жолмен болатынын түсінуге тырысып жатырмыз. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша ықпалдастығымыз бар. Онда біздің тарапымыздан келетін көмек көп. Жалпы студенттерді киберқауіпсіздік модульдері бойынша оқытамыз. Сонымен қатар, Data Science немесе Cyber security деп аталатын жаңа бағдарламаны жасап жатырмыз. «Зерде» қорымен бірігіп, Data Science бойынша кәсіби курстарды ашуға қатысты еңбектеніп жатырмыз.

TENGRINEWS: Қазақстандық студенттер қандай?

Майкл Льюис : Мұнда студенттер өте жақсы. Әлемнің жетекші университеттерінде бұрындары еңбек еткендіктен, біздің балалар әлемнің үздік оқу орындарында білім алып жатқандардан кем емес деп сеніммен айта аламын. Біздің түлектер АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Корея мен басқа да елдердің топ-университеттеріне оқуға түседі. Ал ағылшын тілі оларға үшінші, тіпті төртінші тіл екені қуантады. Олар қазақ, орыс, кейбірі түрік тілін біледі — бұл керемет. Студенттеріміз стартаптармен белсенді айналысып келеді. Жүргізушілерді іздеу бойынша қосымшалар пайда болмай тұрып, біздің студенттер осы тектес дүние жасап қойғанын көпшілік біле бермейді. Сонымен қатар, өз ісінің мамандарымен аноним хабар алысуға мүмкіндік беретін қосымша бар, оны қандай да бір білікті кеңес керек жағдайда қолданады. Қосалқы шындық қызметімен қосымша бар, мәселен, музейде тұрып, қажетті сұрақ туралы көбірек ақпарат ала аласың. Оның үстіне, 2017 жылы Ғылым және технология мектебінің 70-тен аса студентінде халықаралық конференцияларда ұсынылған мақалалары бар. Көбі белгілі журналдарда жарық көрді. Бұл студенттеріміздің өте жаңашыл екенінің көрсеткіші.

TENGRINEWS: Назарбаев Университетіндегі сүйікті орныңыз?

Майкл Льюис : Біздің кофейня. Ондағы адамдар өте мейірімді және тамаша кофе дайындайды. Сіз маған Қазақстанда ненің қызықтырғанын немесе таңғаларлық жағдай туралы сұрадыңыз. Мен Кентуккиде тудым — АҚШ-тың бұл штатында жылқыны қатты жақсы көреді, жылқы — сол өңірдегі символдардың бірі. Бірақ Кентуккиде Қазақстандағыдай жылқы етін жемейміз. Сол себепті Қазақстанда бірінші жылы мен жылқы етін жемедім. Алайда қазіргі уақытта мен жиі тұтынамын, өте дәмді. Егер не қалайтынымды сұрасаңыз, Қазақстанда мен өзбек тағамдарын жақсы көремін. Палау, лағман — супер, өте дәмді.

TENGRINEWS: Қазақстандықтардан не үйренуге болады?

Майкл Льюис : Мен екі факторды айтар едім. Біріншіден, студенттердің әлеуметтік дамуын ерекше айтуға болады, себебі олар көпшіл, қарым-қатынасы мықты. Бұрынғы жұмыс істеген жерлеріме қарағанда айтарлықтай өзгешелік бар. Екіншіден, бірегей сипаты — дәстүрге деген сый-құрмет, үлкен отбасылар және осымен қатар заманауи тенденциялармен қатар өрбіп келеді.

TENGRINEWS: Сіздің жетістікке жетіп, мақсатыңызға қол жеткізуіңіздің жеке өзіндік тәсілі бар ма?

Майкл Льюис : Менің ойымша, өзіндік тура жолдың болуы тиімді, өзіңе ұнайтын іспен айналысу шынымен де табысқа жетелейді. Егер сіз өзіңізге ұнаған іспен айналысатын болсаңыз, барлығы да өздігінен оңынан бола түседі.

TENGRINEWS: Студенттерге қандай мотивация бересіз?

Майкл Льюис : Студенттерге әрдайым осы университетке ел Президенті келіп, басты назарды білім алуға қоюды айтқанын еске салып отырамын. Себебі бұл олардың ел алдындағы борышы, себебі мемлекет оларға барлық мүмкіндікті жасап берді. Профессор Льюис жұмыс күнінің соңында Астанадағы боулинг орталықтарының бірінде отбасымен болды. Оның жары — мексикалық. Оған Қазақстанда барлығы ұнайды және аяз еш қауіп төндірмейді екен.

«Қар, мұз, сырғанақтар — барлығы балалар үшін қызықты, олардың жасы 6-да және 8-де. Ал 40 градус аяз деген қалыпты жағдай, тек жел болмаса, — дейді профессордың жары.
Дереккөз: tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.