«Канело» Головкинмен болатын реванш алдында допингпен ұсталды
Мексикалық бокшы Сауль «Канело» Альварес Геннадий Головкинге қарсы екінші кездесу алдында допинг-тесттен өте алмады, дейді Vesti.kz.
Бұл ақпаратты Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы да растап, ресми ақпарат баспасөзге тарап кетті.
Альварестің ағзасынан аздаған мөлшерде кленбутерол табылыпты.
Бұл дәрі адамның бұлшық етін өсіріп, майын жоюға көмектеседі. Спорттан тыс салада ол мал шаруашылығында қолданылады.
Golden Boy мәлімдемесінде кленбутерол «Канелоның» ағзасына жеген етпен бірге түсуі мүмкін екені айталыда. Соңғы кездері мексикалық он-шақты спортшыдан осы кленбутерол дәрісі табылған екен.
Соған қарағанда, «Канелодан» кінә жоқ секілді. Өйткені Альварес өзінің соңғы 12 жекпе-жегінің алдында міндетті түрде допинг-тест жасалуын талап етіп келген, әрі бұған дейін оның бойынан ешқандай допинг іздері табылмаған.
Головкин — Альварес арасындағы екінші кездесу мамырдың 5-і күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді деп жоспарланған.