Бүгінде облыс орталығында «қызыл сызықты» көзге ілмеген 103 нысан анықталған. Оның көбінің құрылысы тоқтатылды. Тіпті, бой көтерген ғимараттарды қайта бұзу фактісі де бар, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Жамбыл арнасына сілтеме жасап.
Аталған мәселенің орын алуының басты себебі құрылыс нысанына жер бөлуге жауапты мекеменің өз жұмысына атүсті қарауынан болып отыр.
Тиісті жер телімін пайдалануға бере отырып, ондағы ғимараттың қала келбетіне тигізер әсерін зерделеуге келгенде облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы міндетін толық орындамай келеді. Салдарынан кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қыруар шығынға батуда.
Алайда, өңір басшысы жұмысты жетілдіруде кадр тапшылығынан бұрын оны ұйымдастыра білуге айрықша мән беру қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ, өз сөзінде облыс әкімі тұрғын үйлердің бірінші қабатын коммерциялық мақсатқа қолданысқа беру тәжірибесін әлі де жан-жақты талдау қажеттігіне тоқталды. Сәйкесінше, аталған орындарды коммерциялық мақсатта кәдесіне жаратқан кәсіпкерлерді тұрғын үйдің сыртқы келбетін жақсартуға міндеттеу жайы да сөз болды.