Қорғаныс саласындағы маңызы басым шаралардың бірі Жамбыл жерінде ұйымдастырылды. Айшабибі полигонында екіжақты командалық-тактикалық жаттығу өтіп, «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары ұрыс даласында кәсіби біліктерін сынап көрді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Жамбыл арнасына сілтеме жасап.
Атырау қаласынан бір топ офицерлік құрам әуе қорғаныс күштерінің әскери-транспорттық авиациясымен Таразға ұшып келді.
Батыс өлке сардарлары шабуылдаушы ретінде әрекет етсе, ал оңтүстік аймақ қорғанысын қалқалады. Қос тарап жедел құрамды жасақтап алған соң, жоспарлар бекітілді.
Қорытынды кезең «Отар» әскери базасы 40-шы Мәтібұлақ ұрыс даласында қару атудан батальондық-тактикалық жаттығуға жалғасты. Оған 21450 әскери бөлімінің танк батальоны, 82796 әскери бөлімінің ауыр гаубикалық артиллерия дивизионы қатысты.
Аталмыш шара 2018 жылдың жоспарына сай Құрлық әскерлерінің жоспарлы дайындығын пысықтау үшін қолға алынса, нәтижесін Жоғарғы бас қолбасшының өзі оң бағалап отыр.
«Мұнда офицерлеріміз өздерінің әлсін тұстарын байқап, тамаша тәжірибе болды. Сондай-ақ, түрлі жаттығуларды орындау барысында кәсіби машықты арттыра түстік. Біз енді қайта бағытта жұмысты жетілдіру керек екендігін анықтап алдық. Үлкен бір стимул болды», — дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы Аман Тәжиев.