Сеулдегі халықаралық өндірістік өнімдер көрмесінде роботтар мен жаңа 3Д принтерлер таныстырылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Хабар24 сайтына сілтеме жасап.
Айтулы шараға әлемнің 35 елінен 1200-ге жуық компания қатысып, өз тауарларымен мақтанды. Көрмеде әсіресе оңтүстік кореялықтар белсенді. Бұл мемлекет ғылыми техника саласында көш бастап тұр. Қазіргі уақытта таңғы шық елінде 10 мың жұмысшыға 631 роботтан келеді.
Көрмеге келушілер жаңа дүниелерді қызықтап болғанша, мына бір робот өзіне жүктелген міндетін тоқтатпайды. Оның қуаты қыруар жүк қаптауға жетеді. Соңғы 3 жыл ішінде мұндай құлтемірлер мыңдаған жұмысшы күшін алмастырды. Алдағы уақытта әуежайдағы жүктерді қаптауға да қолданылуы әбден мүмкін.
Бұл ақылды техника көлік құрастыру зауытында да кеңінен қолданылады. Ондағы қызметкерлердің жұмыстан қысқаруына да басты себепкер – осы роботтар. Жасанды интеллект орнатылған аппарат қосалқы бөлшектерді тексеріп ғана қоймай, шанақтың сапасына да жауап береді. Ал көліктің бөліктерін жинап, бұрандасын жылдам бұрау олар үшін түкке тұрмайтын іс. Ал қабырғасындағы сенсор оған жақындаған адамды сезіп, жұмысын бірден тоқтатады. Сондай-ақ заманауи құлтемір аса ауыр жүктерді де қиналмай көтереді. Өнімнің қашан дайын болатынын алдын ала жоспарлап қоятын машина, тауарды қорапқа салып, қоймаға да өзі жеткізеді. Жұмыс берушілер де қазір роботтарға әбден сеніп алған.
Ю Санг Йонг, өндіруші компания директорының орынбасары:
«Кореяда бұл жүйе 2000 жылы енгізілді. Осы арқылы қоймалардағы қызметкерлер саны 10 есеге дейін азайды. Көбіне құралдың бұл түрі логистика үшін қолданылады. Соңғы кезде сұраныстың жоғары болуына байланысты әуежай басшылығы да қызығушылық білдіріп жатыр».
Роботтар медицина саласында да таптырмас қызметкер. Хирургтер де құлтемірлерге сеніммен қарайды. Темір көмекші тек ара-тұра ғана адам көмегіне жүгінеді екен. Мәселен, мына робот фармацевттің қызметін атқара алады. Дәрігердің рецепті бойынша науқас үшін дәрі-дәрмек әзірлейді. Ал үш Д принтердің көмегімен адамның жасанды ағзасын басып шығаруға болады.
Құлтемірлер ірі компаниялар үшін өте тиімді. Ал Үкімет жұмыссыздық мәселесін шешуге білек сыбана кіріскен. Өйткені кореялық жастардың 10 пайызы екі қолға бір күрек таппай жүр. Жергілікті билік шағын фирмаларға субсидия ұсынып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жағдай жасамақ. Осы мақсатта биыл 3 млрд 690 миллион доллар бөлінген.