Аналар кеңесі-ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі

0 4

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі және ҚХА Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи 22 тамыз күні «Қоғамдық келісім» мекемесінде аймақтық Аналар кеңесімен кездесу өткізді.
Жоспарға сай өткен жиынға облыстық ҚХА Аналар кеңесінің және аудандық әйелдер кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестік аналары, серіктес мекемелердің өкілдері қатысып, аймақтағы Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали модераторлық етті.
Кездесуде сөз сөйлеген Нәзипа Ыдырысқызы бүгінде Аналар кеңесінің атқарып жатқан жұмысымен бөлісіп, қоғамға тыныштық пен саналы ұрпақ қалыптастыруда Аналардың алар орыны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша этностар жиі шоғырланған елді мекендер мен ауылдардағы кеңес жұмысын күшейту керектігіде айтылды. Ал, бүгінде қоғамға қозғау салып отырған статистикалық мәліметтер негізіндегі 133 әйелдің тұрмыстық жағдайда өлім құшқаны аналар көтерген тақырыптың арқауына айналды. Бұдан өзге балалармен қарым-қатынасты, тәрбиені күшейту секілді тағы басқа біршама мәселелер көтерілді.
Кездесуде 2026 жылы Жамбыл жерінде өткізуге жоспарланған ҚХА Аналар кеңесінің дәстүрлі республикалық деңгейдегі жиынының жұмыс жоспары да басты назарда болды.
Іс-шара барысында Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи мен ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеу, тұрақтылық пен бейбітшілік келісімді сақтау ісіне өңірімізде белсенді атсалысып жүрген аналарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Жиын соңы естелік суреттерге түсуімен түйінделді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.