2 — дүниежүзілік соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың отандасымыздың тең жартысы туған елге оралған жоқ. Олардың есімі бүгінде ұлықталып, тарих беттерінен орын алған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы соғыс ардагерлері тізімін қайта іріктеп, есімдері ұмыт қалған жауынгерлердің деректерін жинақтауда. Бұл туралы «Zhambylnews» АА хабарлайды Jambyl телеарнасының ресми сайтына сілтеме жасап.
9-мамыр — Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында облыста жауынгерлерге арналған мемориалды тақта ашылатын болады. Онда майдангерлерінің есімі жазылады.
1-наурыздан бастап мұрағат қызметкерлері ауылдық округтермен, сондай-ақ, ардагерлер кеңесімен бірлесе майдангерлер тізімін жинау жұмысын бастады. Бүгінгі күні 94 960 ардагердің есімі жинақталды. Олардың арасында соғыс майданынан еліне оралмай қалған жауынгер аталарының есімін келіп тізімге қостырып жатқандар да бар. Тізім сараланды. Енді нақты 88 330 жауынгердің есімі мемориалдық тақтаға жазылатын болады.
«Жалпы тізім дайын. Дегенмен, тізімде ешкім қалып кетпесе екен деген тілек бар. Мейрам қарсаңында қолға алынған бұл ауқымды жоба», — дейді Мәдениет, архивтер және құжаттама басшысының орынбасары Сара Мәдиева.