Ағымдағы жылы 24 сәуірде Тараз қаласындағы «Қайқармет» сауда орталығында, өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығуға Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесі, Жергілікті полиция қызметі және «Жедел жәрдем» қызметкерлерінен құралған барлығы 6 өрт сөндіру-құтқару техникасы мен 35 адамды қамтитын жеке құрам жұмылдырылды.
Жалпы жаттығу төмендегідей сипатта өрбіді. Электр сымының қысқаша тұйықталуынан ет павильонының ішінде ет сақтайтын тоңазытқыштар және азық-түлік сөрелерінің өртенуі болды.
Оқиға орнына келіп жеткен Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары шартты өрт орнында өрт сөндіру штабы мен 3 жауынгерлік бөлімше құрады. Сондай-ақ, бөлімшелердің жеке құрамымен адамдарды көшіру әрекеттері, газ-түтіннен қорғау қызметінің жұмысын ұйымдастыру мен алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету жұмыстары атқарылды.