Жер дүниені дүр сілкіндірген соғыс отының сөнгеніне биыл 73 жыл. Бұл жеңісте қазақ елінен барған сарбаздардың үлесі орасан. Олар қан майданда жанкешті ерлігін көрсете білді. Толарсақтан саз кешіп елін қорғаған жауынгерлердің арасында отставкадағы полковник Ғарафутдин Ғалымов та бар.
1922 жылы туған Ғарафуддин Ғалымов сұм соғысқа бар жоғы 19 жасында аттанады. Ол соғысты атқыштар полкіндегі бөлімшеде командир болып бастады. Жауын өкшелей қуған сарбаздар ақыры барып атақты Эльба өзеніне барып тоқтады.
«7 мамыр күні біз соғысты аяқтадық. Біздің полк Эльба өзеніне жақындаған болатын. Бізге ары қарай өтуге рұқсат берген жоқ. Ол жерде ағылшындар да, француздар да, немістер де болған жоқ. Сөйтіп 9 мамыр күні біздің полктің командирі Польша аумағында қайтыс болып, оны жер қойнауына тапсырдық», — деді соғыс ардагері Ғарафуддин Ғалымов.
Ардагер «Ерлік үшін күрес», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Соғыстан кейін Жамбыл облысының Жоғарғы комиссариатында әскери қызметте болып запастағы офицерлерді тәрбиелеуге өз үлесін қосты. Мереке қарсаңында Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметкерлері соғыс ардагерін құттықтап қайтты.
«Бүгінгі жастар соғыс ардагерлерінің ерлігін білуі керек. Өйткені тәуелсіздік оңай келген жоқ. Қаншама қандарстарымыз соғыс отында жан тапсырды. Сондықтан олардың алдында біз мәңгі қарыздармыз»,- деді Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің маманы Исламбек Қалдыбеков.
Отан үшін кеудесін оққа төсеген майдангерлеріміздің жыл өткен сайын қатары азайып бара жатыр. Бүгінгі таңда облысымызда көзі тірі 100 ардагер бар.
Дереккөз: Жамбыл телеарнасы