Мақсат Қиқымов «Халық барысы» атанды

0 17

Алматыда алғаш рет белдесуден республикалық «Халық барысы» ашық турнирі мәресіне жетті. Байрақты бәсекенің жүлде қоры 20 миллион теңге болды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  Вaq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстанның әр аймағынан келген палуандар «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде жарыс жолына шықты. Жекпе-жектер дәстүрлі боз кілемде емес, жасыл шөп төселген арнайы кілемдерде өтті.

Айта кетер жайт, бұл күрес түрі әлем бойынша Олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрлері қатарына ресми түрде еніп, ЮНЕСКО-ның қолдауына алынған. Алғашқы республикалық «Халық барысы» ашық турнирі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Белдесу – палуанның жасы мен салмағына шектеу қойылмайтын нағыз халықтық спорт. Осы турнирдің бірден-бір ерекшелігі де сол, жарысқа 18-50 жас аралығындағы барлық палуан қатыса алады.

Қызықты да тартысты финалдық жекпе-жектің жеңімпазы «Алматы барысы-2015» чемпионы Мақсат Қиқимов атанды. 80 келі салмақтағы Мақсат Қиқимов 100 келі салмақтағы қарсыласын Талғат Жиентаевты тізе бүктірді. Ал қола жүлдені Айтуар Абдулов олжаласа, төртінші орынды Әділет Дауланбаев алды.

«Жеңіс оңай берілген жоқ. Жарысқа мықты палуандар, күрестің барлық түрінің спорт шеберлері қатысты. Елбасымызға ұлттық спорт түрлерін дамытып жатқаны үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар, жанкүйерлер мен ұйымдастырушыларға ризашылығым шексіз», — деп бөлісті Мақсат Қиқимов.

«Халық барысы» жеңімпазы алтын белбеу мен 10 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал екінші, үшінші және төртінші орын иегерлеріне 5, 3 және 2 млн теңге көлемінде ақшалай ұтыстар табысталды. Сонымен қатар, барлық палуанға лауазымды тұлғалар атынан шапан жабылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.