Генерал Жекейдің хаты. «Мен туралы айтылғанның бәрі жалған»

0 22

Моңғолиядан Атажұртқа оралған қандасымыз, екі мәрте Моңғолия Ұлы Құрылтай мүшесі болған, Әділет және құқық жөніндегі тұрақты комитет төрағасы, әскер ғылымдарының докторы, профессор, бригада генералы Жекей Халидолдаұлы Моңғол еліне, баянөлгейлік жерлестеріне арнайы хат жазған екен. Жекей генералдың үшбу хатын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Баянөлгейліктер және барлық қандастарға дұғай сәлем!

Ассалаумағалейкум қымбатты жерлес аға-бауыр, туған-туыс, жекжат-жұрағат, қандастар және моңғол ағайындар!

Он ойлана, тоғыз толғана келе, мен сіздерге сәлем хат жолдап отырмын! Құрметті аймақ халқы, сіздердің арқаларыңызда екі дүркін Ұлы Құрылтай мүшелігіне сайланып, «бригада генералы» шеніне қол жеткіздім. Атақты ақын Жамбыл «Халық – менің шын атым» деп айтқанындай, сіздердің жақсылықтарыңыз бен шынайы ықыластарыңызды көрген бір адам болса, ол – менмін. Сіздердің бұл игіліктеріңізді басым аман, денім сау жүргенде ешқашан ұмытпаймын. Атамыз қазақ: «Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» деуші еді ғой. Осы сөздің өмірдегі растығын, ақиқатын сезінген жанның бірі мына мен боламын.

Қымбатты жерлестер! Бәрін айта та, бірін айт, адамның басына Алла жазған тағдыр-талайы болады. Ол тағдырыңыз менің пешенеме «генерал» болуды жазған екен. Сіздер бұл шен маған оп-оңай келе қалған екен деп ойламаңыздар. Бұл ұзақ жылғы ұйқы-күлкісіз күндер мен түнді күнге жалғаған тынымсыз еңбектің арқасы. Оны әскер сапында болған, әсіресе шекара қызметінде міндетін атқарған азаматтар жақсы біледі.

Осы орайда айта кетерлік дүние: өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап, Моңғолияның күш құрылымдарында қызмет атқарған ата-ағалар болды. Тіпті менен де мықты, менен де қайраткер тұлғалар болды. Майдан өтінде қан кешкен жерлестер қаншама. Дей тұрғанмен, осы абыройлы атақ менің жеке басыма бұйыруы, біріншіден, алдыңғы өткен ата-ағалардың жанкешті еңбегі, екіншіден, мені туған халқымның беделі деп білемін.

Мені тәрбиелеген, маған азаматтық көзқарас қалыптастырған, ұят пен намыстың не екенін үйреткен сіздерсіздер. Сөйтіп маған мәртебелі атақ бұйырған сәтте ғұмырымда ұмытылмас сый-құрмет көрсеттіңіздер! Осы үшін барлық халқыма қайталап рахмет айтамын.

Қазіргі таңда атамекенім – Қазақстан елінде өмір сүріп жатырмын. Бұл менің азамат ретіндегі жеке таңдауым деп түсініңіздер. Сондықтан да соңғы кездері мен туралы ақпарат көздерінде айтылып, жазылып жатқан пікірлерге түйін ретінде бір ауыз сөз айтқанды дұрыс көріп отырмын. Себебі, мені білетін, маған тілектес жеке басымды ардақтаған көптеген адамдар жоғарыдағы ақпараттарда жарияланған дүниелерге жауап беріп, шынайы ақиқатты халыққа жеткізуімді өтінді. Шәкірім Құдайбердіұлы атамыз «Шыннан өзге Құдай жоқ» депті. Осы кісі айтқандай, менің айтарым мынау:

1. Әуелі айтарым: ақпарат сөздерінде айтылған «Жеп кетті, ішіп кетті» немесе «Құқық қорғау орғандарының тексеру барысында шетке қашыпты» және тағы да басқа сөздер түбірімен жалған. Алда-жалда мұндай жалалардың шындыққа үлесі болса, заң құқық қорғау орындары айтар еді ғой. Сонымен қатар кейбір азаматтар мені «Қазақстанның қауіпсіздік мекемелерінде қызмет атқарып жүр» деген сыңайлы өсек таратуда. Бұл да жалған!

2. Келесі жала «сатқын екен, тыңшылық жасапты» дегенге келсек, «су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей моңғол еліне, оның қауіпсіздігіне менен бастап, бұрын-соңды Қазақстанға қоныс аударып, өмір сүріп жатқан мыңдаған қандастармыздың ешқайсысында ондай дүние жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені, екі еларалық ешбір жаулық көзқарас және саяси текетірес болған емес. Осындай жағдайда «сатқындық, тыңшылық» дейтін миф партиялық немесе басқадай көзкқарастық жіктен болып айтылып жүрген «ертегі» ғана.

3. Сіздер біліп отырсыздар, жуықта Моңғолия президентінің үкімімен заңда көрсетілген тармақ бойынша «Азаматтығын ауыстырғаны үшін шені қайтарылсын!» делінген. Мен оны түсіністікпен қабылдадым. Бірақ, тарихта өзіндік орын алғаныма да шүкір етем!

4. Қоныс аударуыма басты себеп, менің әскери адам ретіндегі қызметіме нүкте қойылды. 2013 жылы басында зейнеткерлікке шықтым. Бұған дейін әскери салада ұйқы-күліксіз 37 жыл міндет атқарыппын. Тіпті ағайын-туыспен бірге жүріп, ыстық-суығын бірге көрмей өмірім өтіпті. Оның сыртында өсіп-өніп оқып-тоқып жатқан ұрпағымның тағдыры да алаңдатпай қоймады. Осының бәрін саралай-сараптай шешім қабылдадым.

Құрметті жерлестер, аға-бауыр, туған-туыс, жекжат-жұрағаттар қандастар және де моңғол ағайындар! Қайталап айтам, сіздерге және монғолдың барша халқына өкпем жоқ. Дүние бүгінмен шектеліп қалмайды, Абай атамыз айтқандай, «Дүние – деген соққан жел, өмір –көшкен ел». Моңғол елі аман болса, қандастарымыз арасынан талай тарлан, талай мықты, әлемді аузына қарататын ұл мен қыздар туады. Мен осыған бек сенемін. Расын айтсам, Моңғол елінің біздерге деген кеңпейілді көзқарасы мені осындай оптимистік сенімге жетелейді.

Құрметті моңғол халқы, бай-өлкелік жерлестер мен сіздерге шын жүректен амандық тілеймін. Моңғол елінің көк аспаны мәңгі ашық болып, әлемдік саяси аренадағы беделі артып, әлем қауымдастығы алдында достық-бейбітшілікті сақтаған қатынасы арта берсін!

Ізгі ниетпен:
Бұрынғы екі мәрте Моңғолия Ұлы Құрылтай мүшесі,

Әділет және құқық жөніндегі тұрақты комитет төрағасы,

әскер ғылымдарының докторы, профессор,

бригада генералы Халидолда Жекей

Дереккөз: Вaq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.