Жеңістің 73 жылдығына арналған халықаралық мото-авто шеру Алматыға жетті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.
Олар осыдан бір тәулік бұрын Шымкентте болған, енді 28 панфиловшы саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. 7 мамырда Душанбе қаласынан басталған жеңіс шеруі 48 күнде 65 қалада болуды жоспарлаған. Патриоттық шара 22 маусымда Беларусь елінде мәреге жетеді. Олар болған қалаларда Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесіп, майданда қаза тапқан батырлар ескерткіштеріне тағзым етеді. Жол бойы шерушілер қатары арта түспек. Яғни Ресей, Әзербайжан, Армения және Грузия елдерінің байкерлері де қосылуға ниет білдірген.
«Халықаралық мото-авто шерудің мақсаты – елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Жастарға патриоттық шараның мәнін түсіндіріп, насихаттау. Өскелең ұрпақ Отан қорғаған батырлар ерлігін ұмытпау керек. Солардың арқасында біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз», — деді «Соотечественник» қоғамдық ұйымының төрағасы Александр Подвиг.