Таразда заңсыз сауда жасайтын дүңгіршектер саны азайды

0 1

Бүгінде шаһардың шырайын кетіріп тұрған жабайы дүңгіршектер мен сауда павильондары жетерлік. Олардың көбісі заңсыз болғандықтан қала әкімдігі оларды алып тастауды басты орынға шығарып отыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Тараз қалалық әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған шара жалғасын тауып, Абай, Қолбасшы Қойгелді, Төле би сынды үлкен көшелердің бойындағы осындай сауда нүктелерінің көзі жойылды. Атап айтқанда, Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысындағы дүңгіршек иелерінің қарсылығына қарамастан жүк көлігіне тиеліп, арнайы орынға жөнелтілді.

Сондай-ақ, Абай даңғылы №154 үйдің жанынан ғимарат бой көтерген. Оны сондағы жұртшылық заңсыз салынған дейді. Себебі, тұрғын үйге тым жақын орналасып, үйге түсетін күннің көзін жауып қалған. Тағы бір айта кетерлігі, нысан электр бағанасына да тым жақын салынғандықтан өрт қауіптілігі жоғары екен.

Бұдан өзге аталған даңғылдың бойында орналасқан «Smart» сауда үйінің жанында орналасқан дүңгіршек  пен сауда павильоны да жабылып, жүк көлігіне тиелді. Қала әкімдігінің әрекетіне тұрғындар алғыстарын білдіріп, бастаманы қолдайтындықтарын жеткізді.

– Дүңгіршектерде ешқандай коммуникациялық жүйелері жоқ. Ал ол орындарда тез бұзылатын ет және сүт өнімдері саудаға шығарылады. Мұны тұрғындардың көбі ескере бермейді. Осындай мәселелерді ескеріп жатқан қала әкімдігінің жұмысына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді тұрғын Александра Юрьева.

Бүгінде облыс орталығында құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен дәл осындай 97 дүңгіршек  пен сауда павильоны бар.

– Нақты уақытта дүңгіршектер мен сауда павильондардың заңдылығын тексеру мақсатында қала әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылған. Өткен жылы осындай шаралардың нәтижесінде Т.Рысқұлов, Абай, Төле би, Желтоқсан, Қойгелді көшелеріндегі сауда нүктелерінің көзі жойылған болатын. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбеков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.