Қазақстанда электронды темекіге акциз енгізілуі мүмкін

0 10

Денсаулыққа зиянды электронды темекі сынды өнімдерді тұтыну көрсеткіші артуда. Сондықтан біз осындай өнімдерге акциз енгізуді ұсынамыз. Бұл туралы ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

«Темекі өнімдеріне акциз салынғаны белгілі. Алайда құрамында никотині бар электронды темекінің акциздік ставкасы нөлге тең. Бұл жағдай – түсініксіз. Себебі, біз жүрек-қан тамыр ауруларымен күресіп жатырмыз. Темекі өнімдерін тұтыну азайып келеді, алайда денсаулыққа зиянды электронды темекі сияқты өнімдерді тұтыну көрсеткіші артуда. Сондықтан біз осындай зиянды темекі өнімдеріне акциз енгізу мәселесін көтереміз», — деді еліміздің бас санитар дәрігері «Атамекен» ҰКП-да өткен жиында.

Оның пікірінше, электронды темекілердің де адам денсаулығына келтіретін зияны бар.

«Мен электронды темекіде арнайы сұйықтық қолданылатынын білемін. Сондықтан оны денсаулыққа зиянсыз деу орынсыз. Онда таза никотин бар. Ресей мұны түсінді. Ол жақта аталған өнімге акциз енгізілді. Бірақ бізде әзірге мұндай жоқ», — деді Жандарбек Бекшин.

Осы орайда ол аталған темекі өніміне акциз енгізуді ұсынды.

«Біз бюджет қаржысына ауру адамдарды емдейміз. Сіздер шунттау әдісі кімдерге жасалатынын білетін шығарсыздар. Олар – болашақ мүгедектер. Бұл жандар оңалтудан өткен соң, мүгедектігін алады. Сонымен қатар снюстарға да тоқтала кетейін. Ол біздің насыбайға ұқсас өнім. Осы үш өнімді талқыға салу керек. Бүгінде олардың акциздік ставкасы нөлге тең», — деді бас санитар дәрігер.

Мемлекеттік кірістер департаменті акциздерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Дамир Нұрғалиев аталған өнімге алдағы жылы салық салынатынын атап өтті.

«2020 жылдан бастап, аталған өнімдерге акциздік ставкалар белгіленеді. Бірақ электронды темекінің құрамында шылым жоқ. Онда арнайы химиялық сұйықтық бар. Оған да салық салынады», — деді басшы.

Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап, 1 кг тұтанатын темекінің құны 7 345 теңгеге, ал электронды темекідегі 1 миллилитр сұйықтықтың бағасы 5 теңгеге көтеріледі екен.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.