«Қазпошта» акционерлік қоғамы жыл соңына дейін цифрлық жүйеде жұмыс істейтін 4 жаңа кеңсе ашпақ. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Осылайша Қазақстандағы мұндай кеңселердің саны 8-ге жетеді. Онда тұрғындар пошта қызметімен қатар қаржылық төлемдер жасай алады.
Бүгін «Қазпошта» акционерлік қоғамы цифрландыру күнін ерекше форматта атап өтті. Компания басшылығы үстел басына отырып, жиын өткізуден гөрі мектеп оқушыларын шақырып, олардың тың идеяларымен танысуды жөн санаған. Балалар болашақ мамандықты таңдауға көмек беретін және ата-анамен үнемі байланыста болатын мобильді қосымшаларын таныстырды. Ал компания серіктестері «Қазпоштаның» қызметін арттыру бағытында іске асырып жатқан жобаларды айтып берді.
Сәкен Сәрсенов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:
– Бүгін біз осы жерде серіктестерді жинап, жас түлектер балалар келіп, роботтарды жинау үйреніп, осындай өзінің цифрлық сауаттылығын жоғарылатуға осы жерге келіп, біздің осы жаңадан ашылған цифрлық кеңседе осындай шара өтіп жатыр.
Шараның басты мақсаты – цифрландыру өмірімізді жеңілдететін технологияның тың түрі екенін көрсету. Сандық жүйеге көшу компаниялардың сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуіне көп септігін тигізеді.
Сәкен Сәрсенов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:
– «Қазпоштаның» ең басты мақсаты – мобильдік телефон арқылы барлық қызметтерді көрсету және де осындай цифрлық кеңсе арқылы біздің азаматтарға ыңғайлы түрде тез қызмет алу.
Компанияда қолданысқа енгізіліп жатқан инновациялық жобаның бірі – хат-хабарды дронмен жеткізу. Қанатты пошташылар 4 келіге дейінгі сәлемдемені шалғайдағы ауылдарға қысқа уақыт ішінде жеткізеді. Осылайша «Қазпошта» сәлемдемені жеткізу уақытын үш күнге дейін қысқартуға ниетті. Қазір еліміздің төрт облысындғы 30 ауылға 10 дрон қызмет көрсетіп жүр.