Жамбыл облысында бір ауыл жұрты түгелдей тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеруде. Жамбыл ауданындағы 600 тұрғыны бар елді мекенге әкімдік арнайы көлікпен су тасып беріп жатыр. Өйткені мұнда ауыз су жоқ. Алайда, сол тасымалданған тіршілік нәрі өлшеулі болғандықтан кейбірімізге жетпейді дейді жұрт. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап.
Қапал ауылы Тараздың іргесінде тұр. Бірақ мұндағы ахуал расымен аянышты. 120-ға жуық түтіні бар елді мекен жұрты қырық жылдан бері құдықтан су ішеді. Соңғы жылдары жағдай тіптен ушыққан. Өйткені құдықтардағы тіршілік нәрі ластанып, адам тұрмақ мал суғаруға да жарамсыз болып қалған.
-Ауыл бойынша үш құдық бар. Үш құдықтан адам да ішеді, мал да ішеді. Қоқым, мына каналдағы тартылса, суымызда тартылып кетеді. Қоқым су ішіп жатырмыз сүзіп, — дейді тұрғындар.
Лас судың болу-болмауы да каналға байланысты. Кей кездері жұрт мұндағы лай суға да жете алмай шелек ұстап тентіреп кетеді. Әркім ауласынан құдық қазуға әрекеттеніп көрген. Бірақ оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталып, бірде бірі су шығаруға беттемей қалған.
Нұрсәуле Тайшықова, Қапал ауылының тұрғыны:
-Құдық қазамын деп бала ішінде қалып кетті. Көміп қалды, ол былтыр болған жағдай. 20 жасар бала.
Қапалға барсаң тоқсаныншы жылдардағы көріністер көз алдыңа оралады. Тіршілік нәрі жұртқа арнайы көлікпен жеткізіледі. Алайда әкімдіктің мөлшермен берген суы тұрғындардың кейбіріне жетпей жатыр.
Наразы топ су сұрап облыс, аудан, ауыл әкімдіктерінің табалдырғын тоздырып болған. Бірақ күні бүгінге дейін көпті жұбатар жауап жоқ. Айғайға басқан елдің ашуынан қаймықты ма, әйтеуір бұл жолы әкім уәде беріп құтылды. Жергілікті биліктің сөзіне сенсек, бұқараның таза су ішетін күні алыс емес.
Бақыт Садырбаев, Жамбыл ауылдық аймағының әкімі:
-1 млрд 738 млн-ға ЖСҚ қайта дайындалған.Оның мемлекеттік сараптамасы бар. Жұмыс енді басталуы керек.
2 млрд теңгеге жуық қаржы бес ауылға ауыз су тарту үшін қарастырылған. 200 миллионы бөлініп те қойған дейді шенеунік. Енді мердігер анықталып, тек іске кірісу ғана қалыпты. Бірақ халықтың билік өкілінің өзіне де, сөзіне де сенгісі жоқ.