Облыс бойынша екпе салу 8 – маусымнан кейін жүргізілетін болады. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Менингитке қарсы жоспарлы егу ҚР Үкіметі Қаулысымен бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілмеген, екпе тек Сауд Аравияға қажылыққа ниет етушілер үшін ғана міндетті болып табылады. Қазіргі таңда облыс бойынша қажылыққа баратын 45 адамнан екпе егуге өтініш келіп түскен. Ақылы екпе тек қалалық № 1 емханасында 8 маусымнан кейін ұйымдастырылып, жүргізілетін болады. Облыс, қала тұрғындары үшін де екпе ақылы болмақ. Оның құны 24 – 28 мың теңгеге дейін болуы мүмкін.
Айта кететін жайт, Жамбыл облысында 2018 жылы қаңтар айында менингококк инфекциясымен 1 адам ауырған. Бұл 19 жасар қала тұрғыны. Менингококктың жеңіл түрімен ауырған білімгер дәрігерлерге дер кезінде қаралған. Қазіргі кезде толықтай жазылып, жағдайы тұрақты.