Қазіргі уақытта менингиттен көз жұмғандар саны 13-ке жетті. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Қауіпті ауру, әсіресе Алматы қаласы мен облысында дендеп тұр. Қаза тапқандардың 10-ы осы өңірден. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысынан екі, Қызылорда облысында бір адам ажал құшты. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жедел алдын алу әрекеттері жасалып жатыр. Тіпті кей аймақтарда балалардың жазғы лагерьлері жұмысын уақытша тоқтатты.
Өлім қаупі жоғары аурудың негізгі ошағы еліміз бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы болып саналады. Сондықтан бұл аймақтарда бұқаралық шаралар өткізуге шектеу қойылды. Ал жазғы демалыс-сауықтыру кешендерінің жұмысы 18 маусымға дейін шегерілді.
Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
– Қазір біз республика бойынша барлық қажетті материалдарды жинадық, енді геномдық сараптама жүргізіледі. Одан кейін соңғы жылдардағы деректер салыстырылып, қорытынды шығарылады. Менингит инфекциясы қайдан келді, ошағы өзімізде ме, әлде сырттан жұқтырып келді ме, осыны анықтау керек. Бұл маңызды, зерттеу жұмыстарына шамамен үш апта уақыт кетеді.
Бұған қоса брифинг барысында еліміз бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі іске қосылатыны белгілі болды. Ал жекелеген аймақтар бұл жұмысты бастап та кетті. Мәселен, бүгін Атырауда менингитке қатысты сұрақтарға жауап беретін байланыс орталығы ашылса, Таразда сенім телефоны іске қосылды. Ал Қостанайда қауіпті дерттің алдын алу үшін үйлестіру штабын құру көзделіп отыр.
Владимир Нечитайло, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
– Менингокок инфекциясының алдын алу үшін апта сайын сараптама алынып тұрса, 30 мамырдан бастап күн сайын тексеріс жүріп жатыр. Медицина мекемелерінде, зертханаларға арнайы семинарлар өткізілді. Сонымен қатар білім басқармасымен бірлесіп, санитарлық алдын алу жоспары жасалып, құжаттары бекітілді.
Бүгінгі Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев ақпараттандыру мәселесінің ақсап тұрғанын айтып, қатаң ескерту жасаған еді. Ізінше іле-шала аймақтардың денсаулық саласына жауапты мамандары баспасөз мәслихаттарын өткізіп, есеп беріп жатыр. Атап айтар болсақ, ең көп ауру ошағы Алматы, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларында тіркелген. Бас-аяғы 58 дерек. Ал менингитті жұқтырды деген күдікпен жыл басынан бері қаралғандар саны 600-ге жуық.