Ашық аспан астындағы «Ежелгі Тараз» археологиялық саябаққа заманауи тарихи дәуірді көрсететін жаңа туристік аймақтар қосылуы мүмкін, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
X-XII ғасырдағы «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағына жақын жерде «Әулиеата шаршысы» орналасқан. Бұл XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қарқынды дамыған қала бөлігі.
«Мұндай қам кірпіштен салынған бір қабатты ғимарат бар. Ол бірнеше жер сілкінісіне төтеп берген. Осындай бірегей құрылымдар қазір жарнамалармен көріксіздендіріліп отыр. Олардың иелері түбегейлі өзгертіп немесе қиратып жатыр. Бірақ, сол дәуірдің куәсі болған құрылымдар құнды ғой», — деді танымал жамбылдық тарихшы Тәкен Молдақынов.
«Обелиск» қоғамдық бірлестігі ұзақ уақыт бойы туристер үшін ежелгі қаланың тарихи бөлігін Әулиеата кезеңі аймағын құру арқылы кеңейтуді ұзақ уақыт бойы ұсынып келеді. Бірлестік осы жерден XX ғасырдың колоритін құрып, сол дәуірдің ғимараттарын қалпына келтіріп, қайта құрылымдауды сұрауда. Таяуда облыстық әкімдікте өткен жиналыста «Әулиеата шаршысын» құру мәселесі көтерілді.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қаланың осы бөлігін аралап, олардың иелерімен әңгімелесті. Өңір басшысы жауапты ведомстволарға Әулиеата кезеңіндегі ғимараттарды қалпына келтіруге жұмсалатын қаржыны есептеп, жобаны жүзеге асыратын бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Орындау мерзімі — бір ай.
«Обелиск» қоғамдық бірлестігі ұсынған тағы бір ұсынысты жергілікті билік қолдады. Ол — Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта «кеңес кезеңіндегі парк» салу.
Айта кетейік, Таразда жыл басынан бері ғимараттар мен саябақтарды қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.