Астана-Алматы бағытындағы пойыз аударылғанда қайтыс болған 12 жасар баланың миына қан құйылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Елжан Біртановтың айтуынша, апат кезінде 25 адам жарақат алып, оның біреуіне ота жасалған.
«Пойыз аударылғанда 25 адам жарақат алып, бір адам қайтыс болды. Қаза тапқан 12 жастағы бала – Қарағанды облысының тумасы. Жедел жәрдем барғанға дейін өмірден кетті. Сараптаманың алдын ала қорытындысының нәтижесіне сәйкес, жабық бас сүйек жарақаты, миға қан құйылу және ісік, ми ісуі диагнозы қойылды. Бұдан басқа, Жамбыл облысынан 17, Алматы қаласынан сегіз азамат медициналық көмекке жүгінді. 24 науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Бір азаматқа оң тобының жабық түрінде сынау диагнозымен операция жасалды. Қазір ол Шу қаласының ауруханасында жатыр», — деді Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов аталған қайғылы оқиғаның салдарын анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
«Арнайы жіберілген тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды және тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Тергеу Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның назарында», — деді Қалмұхамбет Қасымов.
«Астана-Алматы» бағытындағы №9 жолаушылар пойызы вагондарының рельстен шығып кетуінен болған жол апатынан қаза тапқан баланың отбасы мен зардап шеккендерге «Қазақстан темір жолы» ҰК» өтемақы төлейтіні туралы сейсенбідегі Үкімет отырысында Шудан селекторлық байланыспен шыққан «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев мәлімдеді.
«Нөмірі 9-шы «Астана-Алматы» пойызында 20 вагон болған. Жолдан шыққан сегіз вагонның екеуі аударылып, апаттан 23 адам зардап шекті, біреуі қаза тапты. Бір жолаушының Шу қаласында аяғы сынып, ауруханаға жеткізілді, Алматы-1 теміржол бекетінде жолаушыларға медициналық көмек көрсетілді. Компания мерт болған жеткіншектің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. ҚР заңнамасы негізінде қаза тапқан баланың отбасына компания 1000 АЕК көлемінде 2 млн 405 мың теңге компенсациясын және зақым келген жолаушыларға зақым алу және денсаулығына тиген зиянын деңгейіне қарай 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ерікті түрде өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды. ҚТЖ-да зардаптарды жою бойынша штаб құрылды», — деді Қанат Алпысбаев.
Айта кетсек, Үкіметтің бүгінгі кезекті отырысын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Астана-Алматы бағытындағы аударылған пойыздың салдары мен себептерін сұраудан бастады. Үкімет басшысы жол апатынан қаза тапқан 2006 жылы дүниеге келген Малинев Григорий Александровичтің отбасына көңіл айтты. Премьер-министр қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алатынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 17 маусымда №9 «Астана НЖ – Алматы-1» бағдарындағы жолаушылар пойызының 8 вагоны Сарышаған-Шу телімінің Жиделі-Бірілік қума жолында жолдан шығып, оның 3-еуі аударылып қалды.
Алматы-1 теміржол вокзалында рельстен шығып кеткен жүрдек пойызының жолаушыларына медициналық көмек көрсетілді. Вокзалдың медициналық пунктінде 10 жедел жәрдем көлігі кезекшілікте болды.
Кеше Шуда пойыз апатынан зардап шеккендердің тізімі жарияланды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ арасында жасалған міндетті сақтандыру туралы келісімге сәйкес, зардап шеккендерге өтемақы төленеді.
«Нұр Отан» партиясы 17 маусымда Жамбыл облысында жолаушылар пойызы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан баланың туыстарына көңіл айтты. Көңіл айту хатын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев 12 жасар Алексей Мальневтің туыстарына жолдады. «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облысындағы филиалы Алексей Мальневтің жерлеу рәсіміне жұмсалатын шығынды толығымен өтейді. Алексей Мальневпен қоштасу 2018 жылдың 19 маусымында сағат 14:00-де Қарағанды облысы Бұхар-Жырау ауданы Құшоқы кентінде өтеді.
Астана-Алматы пойызын басқарған машинисттен жауап алынуда. Сондай-ақ, сол күні апат болған учаскеде кезекшілікте болған теміржол жұмысшылары да жауап алу үшін шақыртылды. Жамбыл облысында болған темір жол апатының себебін арнайы комиссия тексеруге кірісті. Тіпті Ресейден арнайы мамандар шақырылған. Тексеру жұмыстарының қорытындысы тек бір айдан соң ғана шығады.