Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзектендіру мақсатында өңір әкімдеріне ескерту жасады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz — ке сілтеме жасап.
«Ұлттық қордан бөлінген қаржы өңірлерге берілді, үйлер салынды. Ал халық дайын тұрған үйді көріп отыр, бірақ пайдалануға мүмкіндік жоқ. Сол себептен бірлесе отырып бұл сұрақтың бәрі шешімін табуы қажет. Инженерлік құрылымдарға бөлінбейтін қаржыны өңірлердегі әріптестер, жылдам уақытта шешулеріңізді сұраймын, өйткені егер де ол шешілмейтін болса үйлер әрі қарай тоза береді» — деді Сағынтаев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Премьер-министр «Нұрлы жер» бағдарламасының мәртебесі жоғарылағанын атап өтті.
«Енді ол мемлекеттік бағдарлама болады. Сол себептен де оны іске асыру бойынша біздің жауапкершілігіміз де арта түсті деген сөз», — деді Үкімет басшысы.
Еске сала кетсек, ҚР инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың мемлекеттік жоспарлау жүйесі бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама мәртебесіне қайта бекіту туралы ұсынысын Үкімет мүшелері бірауыздан қолдаған болатын.