Алғашқы брокерлік компаниялар «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қаржылық қызметінің реттеушісімен (AFSA) мойындалып, тіркеу процедурасынан өтіп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат — қа сілтеме жасап.
Айта кетсек, 5 шілде күні «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы өтеді.
«АХҚО «Астана» жобасы секілді — Мемлекет басшысының бастамасы. Бұл жобалар бір-бірімен ұқсас. Астананы Алматыдан Арқаға көшіру мәселесі әу баста біршама күмәнді пікірлермен бетпе-бет келген болатын. Арада 20 жыл өткеннен кейін біз Мемлекет басшысының бастамасының сөзсіз жеңісінің жемісін көріп отырмыз. Оған көз жеткізгіңіз келсе, терезеден сыртқа сөз тастап көріңіз. АХҚО біршама жылдардан кейін Астананың жеңісін қайталағанын қалаймыз. Бірегей халықаралық брендті жасап шығарудағы АХҚО мен қалалық әкімдіктің бірлескен іс-шаралары шетелдік инвестициялардың ағылуын қамтамасыз етеді», — дейді Қайрат Келімбетов.
АХҚО басшысы атап өткендей, орталықтың заңнамасын әзірлеу кезінде IOSCO (Құнды қағаздар бойынша Халықаралық комиссиялар ұйымы), IFSB (Ислам қаржы қызметтері бойынша кеңес) секілді халықаралық ұйымдарда бекітілген қағидаттар мен стандарттар басшылыққа алынған.
«Аталған стандарттар капитал нарығының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету тұрғысында талаптарды бекітіп, жүйелі түрде тәуекелдерді азайтады. Комитет сонымен қатар, Қаржы құралдары нарығы туралы директива (MiFID), Ұлыбританияның, Дубайдың (DIFC), Әбу-Даби Глобал Маркет (ADGM) пен Катар қаржы орталығының (QFC) талаптарына сай еуропалық үлгілерді зерттеу үстінде», — дейді спикер.
Ол сонымен қатар, алғашқы сауда бойынша мүшелер АХҚО қаржылық қызметінің реттеушісімен (AFSA) мойындалып, «Астана» Халықаралық қаржы орталығында тіркеу процедурасынан өтіп жатқанын атап өтті.
«Олардың қатарында жетекші қазақстандық және қытайлық брокерлік компаниялар бар. Аталған брокерлік компаниялардың сауда операцияларын біздің орталықтың жоғары технологиялы биржалық алаңында тестілеу жұмысы жүргізілуде. АХҚО биржасы қазақстандық және халықаралық брокерлік компаниялармен сауда операцияларын жүргізуге толығымен дайын», — дейді Қайрат Келімбетов.