Ұлтттық домбыра күні ақтөбелік шеберлер домбыра жасау жолдарын қала тұрғындарына көрсетті. Шебер Ерқосай Әбілов домбыра күнінде концерттер ұйымдастыруды азайтып, зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөлу керек деп есептейді, — деп хабарлайды «Zhamblnews» AA ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Еліміздегі домбыра жасайтын хас шеберлердің бірі Ерқосай Әбілов биыл Ұлттық домбыра күніне дайындықтың тым аз болғанын, келер жылы концерттік бағдарламаларға емес, зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөлінуі қажет екенін айтып берді.
«Бір ай дайындалып, жүздеген іс-шара ұйымдастырылды. Егер бір жыл бойы дайындық жүргізсек, керемет болар еді. Бұл күні концерт қойып, той-думан ұйымдастырып қоймай, зерттеуге көп көңіл бөлу қажет. Шеберлерге де жағдай жасаған дұрыс. Жұмекен Нәжімеденовтың «Домбыраның қоңыр үні» деген кітабы бар. Сол кітапта зерттеу жұмыстары жан-жақты жазылған. Зерттеуші «домбыраның ішегін дайындайтын шебер болар ма екен» деп өз ойын қалдырған. Мен жасаймын, алматылықтар тапсырыспен алады. Бірақ жалғыз өзім бәріне үлгермеймін. Зергерлік, бес қару, сауыт, домбыра жасап жүргенде ішек жасауға уақыт болмай қалады. Ішек жасауды дамытып, домбыраға ескерткіш қоюға кеңес берер едім»,- деді шебер Елқосай Әбілов.
Айта кетейік, шебер Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы ескерткіш қоюға ыңғайлы тарихи орын деп есептейді. Себебі, «Ақсақ құлан» күйі құрып бара жатқанда күйші Қамбар Медетов оны қайта өмірге әкелді. Бұл Мәртөкте болған оқиға, ескерткішті сол ауданға қою туралы ұсыныстың мәні осында жатыр.
«Бір жылдан соң ескерткіштің ашылуын тамашаласақ жақсы болар еді. Өзім домбыраның ою-өрнегіне арналған кітап дайындап қойдым. Кітабым қаржы тапшылығынан шықпай қалды. Егер мемлекеттен қолдау болса шеберлер де домбыра жасау жолдарын сақтап қалуға бар күшін салар еді. Мәселен, «Ортеке» конкурсының екі жеңімпазы ақтөбелік. Бірі Абдулхамит Райымбергенов, екіншісі күйші Бақыт Басығараев. Нәтижені қосып, «Ортеке» орындаушылары және «Ортеке» шеберлері» деп кітап жазу ойда бар. Тарихты зерттеп, ақпараттар жинақталып жатыр. Бәріне қаржы керек»,- деді шебер.
Айта кетейік, шебер Ерқосай Әбілов домбыраның қос ішегін жасауды 12 жыл бойы зерттеп, сапалы ішек дайындап шықты. Кейбірі домбыра ішегін 6 ай бойы күтіп жүр.
«Технологиясы бар, бірақ кітап болып шықпады. Күйші Абдулхамит Райымбергеновпен бірге сынақтан өткізген едік. Ішек жасауды уақытпен санаспай жасау керек. Бәріне қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр»,- деді Ерқосай Әбілов.