АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ: ЖЕМҚОРЛЫҚ — МЕМЛЕКЕТТІ АЛАҢДАТЫП ОТЫРҒАН ӨТЕ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ

0 12

Қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары нақты, жүйелі түрде жүргізілмесе, нәтижеге қол жеткізу қиын. Бір-бірінен аумайтын қаптаған семинарлар, сағызша созылған жиындар, ондағы статискаларға толы баяндаулар бұл бағыттағы күрес жұмыстарының өзегі бола алмайды. Індеттің салдарынан бөлек себебіне жіті мән бергенде ғана көрсеткіш жақсара түспек. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осылай деген облыс әкімі Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы «Zhambylnews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссия отырысының күн тәртібінде бірқатар мәселер қаралды десек, алғашқы болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов баяндама жасады. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының аясындағы іс-қимылдардың нәтижелеріне тоқталған ол ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында олқылыққа жол берген аудандардың атын атап, түсін түстеді. Оның айтуынша, есепті мерзімде облыс бойынша 14 құқық бұзушылық анықталса, оның 8-і сотқа жөнелтіліпті. Айталық, Шу ауданы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің басшысы Айгүл Ахатаева қызметін пайдалана отырып өз карточкалық есеп шотына 663800 теңге бюджеттік қаражат аударғаны анықталған. Аудандық сотта ісі қаралып жатқан А. Ахатаева бүгінде қызметтен босатылған. Ал, аталмыш аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметке шаруа қожалықтарын субсидиялау барысында жеке тұлғаларға артықшылықтар беріп, мемлекетке 35 миллион теңге материалдық шығын келтіргені үшін 3 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалған. Осындай және осыған ұқсас сыбайлас жемқорлық көріністері өзге де аудандарда тіркелген. Осы орайда Асқар Мырзахметов жиынға онлайн режимінде қатысып отырған аудан әкімдеріне сауал жолдап, Шу және Жамбыл ауданының басшыларын тыңдады.

Сондай-ақ, басқосуда екінші болып сөз алған облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қалмұханбет Исақов та бірқатар мәліметтермен бөлісті. Есептік кезеңде аталған департамент тарапынан мемлекеттік кірістер органында сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін біршама жұмыстар атқарылған десек, соның нәтижесінде департаменттің лауазымды тұлғаларына қатысты жемқорлық сипатында 6 сотқа дейінгі тергеулер тіркелген. Оның біреуі дербес жедел-тергеу амалдары нәтижесінде, бесеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесе атқарылған іс-шаралар барысында анықталған. Оларға тиісінше айыппұл, бас бостандығын шектеу және мемлекеттік органдарда қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру секілді жазалар тағайындалыпты.

Бүгінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ақпаратттық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы адам факторының ықпалын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге мол мүмкіндік туып отыр. Бұл стратегияның да түйінді бағыты ретінде белгіленгені мәлім. Осы ретте айта кету керек, қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдарымен 48 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі десек, оның 32-сі яғни 67 пайызға автоматтандырылған.

Облыс әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Аслан Оразбеков комиссияның алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Талқыға түскен жоспар жобасы туралы Асқар Исабекұлы бірқатар ескертпелер жасады.

— Сыбайлас жемқорлықпен күрес деген кезде, статистикалық мәліметтерді айтып ғана қоймай, орын алып отырған жағдайларға қатысты нендей шаралар атқарып жатырмыз? Шын мәнінде біз нені жақсартып, қандай мәселелерді шеше алдық? Міне, осындай сауалдарға жауап беруіміз керек. Әйтпесе, мұндай жиынның ешқандай пайдасы жоқ. Біз халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, халыққа көрсетілер қызметтердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға негізгі күшімізді жұмсау керекпіз. Мысалы, білім, денсаулық сақтау мекемелеріндегі ахуал көңіл көңшітеді ме? Осыны барласақ, сол бойынша жұмыс істесек, кемшіліктерді жоя алсақ, халықтың билікке деген бағасы да жақсарып, көзқарасы артады. Міне, комиссия жоспарында осылар негізге алыну керек. Неге біз жоспарға енгізілген іс-шаралардың атауын, жүзеге асырылар уақытын, қалай орындалу керектігін нақты жазбаймыз? Мынандай жалпылама жоспарды бекітіп, сол бойынша жұмыс жасайтын болсақ ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмасымыз анық,- деген өңір басшысы қоғам дертімен күресуде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының тиімділігін де тілге тиек етті.

Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев жоспар үлгісі қоғамдық ұйымдарға да алдын-ала таратылса ойын білдірі, ұсыныс беруге әзір екендіктерін жеткізсе, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев жиналғандарды жемқорлықпен жұмыла күресуге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.