Бүгін осы түйінді, түйіткілді мәселені қарастыру үшін облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері жол патрульдік қызметкерлері, сондай-ақ, эколог мамандармен арнайы рейд ұйымдастырды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Рейд қоғамдық көлік көп шоғырланатын «Ауыл береке» аумағынан басталды. Сала мамандарының назары ең әуелі дизельдік отынмен жүретін қоғамдық көліктерге түсті. Өйткені одан ауаға келер зиян өте көп. Анықталғандай қоғамдық көліктердің басым көпшілігі экологиялық талаптарға сай келмейді. Алайда, заң да, тәртіп те – бәріне бірдей. Негізінен көліктердің қозғалтқышынан бөлінетін зиянды заттың мөлшері 50 пайыздан аспауы қажет. Бірақ тоқтаған автобустарда бұл көрсеткіш 90 пайыздан жоғары болып жатты. Кейбіреуінде тіпті 100 пайыздық зиян көрсеткіші анықталды. Талапқа сай келмегендеріне әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, 4 көлік айыппұл тұрағына қойылды.