Жаңазеландиялық ғалымдар әлемде алғаш рет адамның үш өлшемді түрлі-түсті рентген кескінін түсірді. Бұған Еуропа ядролық зерттеулер орталығында (CERN) әзірленген Medipix3 сенсорлық микросхемасының арқасында қол жеткізілген.
Түсті рентген кескіндері дәрігерлердің науқастарға барынша дәл диагноз қоюына мүмкіндік береді.
Medipix фотокамера сияқты жұмыс істейді. Микросхема әрбір жекелеген ұсақ бөлшекті «көреді». Бұл өте тұнық кескін түсіруге мүмкіндік береді.
Әкелі-балалы Фил және Энтони Батлерлер жасаған жаңа аппарат адам денесінің әртүрлі компоненттерін, мысалы, ұлпаларды, суды, сондай-ақ ауру белгілерін таниды.
Бұған дейін ғалымдар сканерді қатерлі ісікті, сүйектер мен буындардың жағдайын, жүрек ұстамасы мен инсультқа себеп болатын қан тамыры ауруларын зерттеуге пайдаланып келген болатын.
«Жүргізілген зерттеулердің бастапқы нәтижелері емханаларда спектральдық визуализацияны қолдану барынша дәл диагноз қою мүмкіндігін беретінін көрсетіп отыр», — дейді профессор Энтони Батлер.
Дереккөз: Қазақпарат