Жамбыл облысының Жуалы ауданы аумағынан көне қаланың орыны табылды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
Бұл төбені жергілікті жұрт Жылқытөбе деп атайды. Дәл жанында Теріс өзені ағып жатыр. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар тарихи қаланың орта ғасырға тиесілі екендігін айтуда. Бірақ, табылған заттардың арасында біздің дәуірімізге дейінгі І, ІІ-ғасырға тиесілі жәдігерлердің болуы тарихшыларды таң қалдырды.
Қала 10,12-ғасырдағы Баркуаб шахары болуы мүмкін деген болжам бар. «Баркуаб» сөзінің арабшадан аударғанда «теріс аққан» деген мағынаны білдіретіндігін ескерсек, бұл болжам шындыққа жанасатын секілді. Алайда, табылған заттар шаһар тарихының одан да терең екендігін көрсетуде. Яғни, бұл жерде бір емес екі көне шаһардың жұрты болуы ғажап емес.
Қазір қала орынына қазба жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Сол кезеңде қолданылған түрлі шаруашылық заттары, құмыралар мен дән үккіштер табылды. Ол заттардың ішінде Қаңлы кезеңін қамтитын жәдігерлер жетерлік. Бұл жерде Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы болған Битян (Бүден) қаласы болған болуы мүмкін.
Тарихи жазбалардағы деректер де осы болжамның ақиқатқа жақын екендігін көрсетеді. Және жазы салқын, жері құнарлы, суы мол Жуалы өңірі — хандардың жазғы ордасы болуға лайықты өлке. «Жарты метрге жетер – жетпестен бөлме қабырғалары шығып жатыр. Қанша уақыт өтсе де бұзылмай сақталған. Қам кесектен өрілген қабырғалардың сыртындағы сылағына дейін сол күйі тұр»,-дейді археолог Қуаныш Арынов. Былтырға дейін мұнда қазба жұмыстары қолға алынбаған екен. Тек ауыл тұрғындары түрлі тарихи заттарды жер қазу, үй салу кезінде өз аулаларынан да тауып алып жүрген. Бұл — қала аумағының бірнеше шақырымды алып жатқандығының айқын дәлелі.
Жалпы, Жуалы – тарихи құндылықтарға бай өңір. Түрлі оба, қорымдар мен мазар, қалашықтардың орыны сайрап жатыр. Ендігі мақсат – табылған көне қала жұртынан аспан асты мұражайын салып, туристер қызығатын тарихи орынға айналдыру.