Денис Тен: Корейге қарағанда қазақ екенімді ұқтым

0 22

2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Пхенчхан ойындарынан кейін мұзайдынға оралды. Бұл жолы ол Астана тұрғындары мен қала қонақтарын «Денис және оның достары» мұзайдындағы шоуы арқылы қуантқалы отыр. Осы орайда спортшы шоу жобасы туралы, қазіргі денсаулығының жағдайы мен алдағы жоспарлары, алған жарақаты, сондай-ақ, Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының потенциалы туралы әңгімелеп берді. («Денис және оның достары» мұзайдындағы шоуының алдында берген сұхбаттарының бірі). Бұл туралы «ZhambylNews» AA Baq.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

— 9 маусымда Астанада өтетін мұздағы шоудың бұрынғылардан қандай ерекшелігі бар?

— 2013 жылы Алматы мен Астанада мұзайдындағы шоу өтті. Жыл сайын айтулы оқиғаның ауқымы кеңейіп, сапалы бола түсті. Алғашқы шоуларда көрерменге өте жоғары деңгейдегі қойылымды дайындап, мәнерлеп сырғанаудағы әлемдік жұлдыздарды шақырдық. 2013 жылы қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысса, 2014 жылы ең жұлдызды құрам қатысты. Өкінішке қарай, 2014 жылы Астанада шоу өтпеді, дегенмен Алматыдағы екі шоу бірыңғай концепт бойынша әдемі декорация, эстрада-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды музыкамен өтті. Осыдан кейін мен аздаған үзіліс алып, спорт карьерама көңіл бөлдім. Биыл Қазақстанға жаңа жобамен келдім. Қызу жұмыс жүріп жатыр. Осыған дейін жүзеге асырғым келетін сан түрлі идея маза бермеген еді. Бұл концепт көрермендерге ұнайды деп үміттенемін. Бұл шоуда басқа жобаларда кездеспейтін инновациялық шешімдер бар. Канададағы, Азиядағы мұзайдындағы шоуларға қатысқан соң біздің жобаның өзгеше екенін білемін. Ал шоуға қатысқан шетелдік достарым өз елдеріне тың идеяларды алып кетеді деп ойлаймын. Көрермендерге айтарым, маған сеніңіздер, биыл мүлдем өзгеше шоуға куә боласыздар.

— Биыл шоуға көптеген әлемдік жұлдызды шақырдыңыз. 10 елден 16 спортшы келейін деп отыр. Олармен қалай келістіңіз? Қолы бос спортшыларды іздедіңіз бе? Жалпы осы процесс қалай жүрді?

— «Денис және оның достары» шоуы басқа жобалардан несімен ерекшеленеді? Бұл шоуға келетін әр мәнерлеп сырғанаушы спортта жүрген нағыз жұлдыздар. Мәнерлеп сырғанаудан хабары жоқтарға «Қазақстанға Лионель Месси, Рафаэль Надаль келген сияқты, мәнерлеп сырғанаудың жұлдыздары келеді» деймін. Ал оларды Қазақстанға шақыру оңай шаруа емес, біршама күш-жігерді талап етеді. Осы спорт түрімен бірнеше жыл шұғылданып келе жатқан соң бәрімен жақсы араласамын. Сол себепті шоу «Денис және оның достары» деп аталады. Негізгі мәселе ол спортшының графигіне байланысты. Олимпиада аяқталған соң қазір Канада, Америкада олимпиада туры өтіп жатыр. Мамыр мен маусымда Жапонияда болады. Басқа жобалармен қатарласпас үшін 9 маусымды белгіледік. Бізге Алена Савченко, Бруно Массо, Каролина Костнер секілді мәнерлеп сырғанаудағы әлемдік жұлдыздар келеді. Сонымен қатар жаңадан танылып жатқан спортшыларды да шақырдық. «Бұрын қатысқандар қайта келе ме?» деп сұрайтындар көп. Жоқ, олай емес. Бұл шоуда қазақстандықтарды жаңа спортшылармен, ал спортшыларды біздің елімізбен таныстырғым келеді. Себебі олардың көпшілігі Қазақстанға алғаш рет келейін деп отыр.

— «Инстаграмда» сіздің жапон жанкүйерлеріңіз шоуға қызығып, көздерімен көргісі келіп отырғанын жазады. Бірақ бәрі бірдей шоуға келе алмайтын болғандықтан шоу біткен соң DVD шығару, болмаса шоуды трансляциялау жоспарда бар ма?

— Бір көрсетілім үшін Қазақстанға туристер келеді, бұл таңғаларлық нәрсе. 2014 жылы шоуға 500-дей жапон азаматы келді. Олар үшін туристік агенттік арнайы тур ұйымдастырған. Мұны білген кезде мен үшін үлкен тосынсый болды. Биыл да елімізге өте көп жанкүйер келейін деп отыр. Жапондар ғана емес, Қытайдан да туристер келеді. Біз оларға виза алу мәселесін шешуде көмектесеміз. Көрші елдерден де спорт жанкүйерлері келеді. Шоуға Ресейден фанклуб келді дегенді естігенде таңғалған едім. Бұл мен үшін жаңалық болды.

Қаншама жарысқа қатысып жүрген соң нағыз жанкүйерлеріңді бірден танисың. Бір шара үшін Қазақстанға туристердің келуін өзім ерекше санаймын. Әдетте біз ауқымды шараны көру үшін шетелге асығамыз, ал олар қазақстандық жобаны көру үшін біздің елімізге келмек. Елімізде туристерді тартатын екі ғана шоу-бағдарлама бар шығар: бірі біздің мұзайдындағы шоуымыз болса, екіншісі Димаш Құдайбергеннің концерті.

Түсірілім міндетті түрде болады. Жылда шоуды түсіреміз. 2015 жылы алғаш рет трансляция жасадық. 2014 жылы жапониялық Fuji.tv компаниясы телевизиялық құқықты сатып алғысы келді. Жапонияда мықты мұзайдындағы шоулары көп болса да территориясында қазақстандық жобаны көрсеткісі келгені мен үшін тарихи оқиға. Алғашында елімізде түсірілетін видеоөнімнің сапасына қанағаттанбадым, себебі бізде лайықты деңгейде сапалы өнім шығару үшін ресурстар болмады. Ал еліміз үшін маңызды жобаны әлемге көрсеткенде ол барлық параметр бойынша ерекше болуы тиіс.

Тікелей болмаса да трансляция болады. Мұзайдындағы шоу кезінде басқа да видекөрсетілімдер экраннан көрсетіледі. Жаңа концепцияда мұз үстіндегі қойылыммен қатар экраннан видео көрсетіледі. Сол себепті тікелей эфирге шығару қиындау болады. Жанкүйерлер үшін міндетті түрде шоудың видеожазбасын дайындаймыз. Оны қалай тарататынымызды шешкен жоқпыз. Мүмкін YouTube-ке орналастырамыз, DVD шығарармыз. Мен үшін ең бастысы шетелдіктер ғана емес, ең алдымен шоуды Қазақстанның кез келген азаматы көрсе деймін. Себебі Астана, Алматы секілді үлкен қалаларға бәрі бірдей келе алмайды.

— Instagram-ға жақында ғана әнші Димаш Құдайбергенмен бірге түскен фотоны жарияладыңыз. Жанкүйерлеріңіз Димашты шоуда өнер көрсете ме деп сұрап жатыр.

— Қазір Димаштың графигі өте қарбалас, көп уақытын Қытайда өткізеді. Әлемдік туры бар. Десе де арамыздағы достықты мақтан тұтамын. Биыл Димаштың музыкасына өнер көрсеттім. Көрсетіліміме арнап әуен жазуы мен үшін үлкен құрмет. Қазір мәнерлеп сырғанау бойынша бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Онда Димаштың әсері қалай боларын білмеймін, бір анығы музыкасына билеймін. Сондай-ақ қызықты би мен музыканы, шоуға қатыса алмайтын спортшылардың барлығын бір концептке кірістіріп жатырмыз. Бұл жобада әртүрлі форматты қолданып әртүрлі тұлғаның басын біріктіреміз.

— Сіздің қазіргі денсаулығыңыз спортқа, яғни мәнерлеп сырғанаумен айналысуға жарай ма?

— Мамыр басында ғана мұзға оралдым. Оған дейін коньки тебе алмадым, себебі маған сырғанауға тыйым салынды. Олимпиададан кейін аяғымда қатты рецидив болғанын мойындаймын. Маған үзіліс алу керек болды. Тобығымды жарақаттап алдым. Оны қалпына келтіру үшін кемінде екі жыл кететін шығар. Сол себепті қазір салмақ түсіргім келмейді, толықтай емделсем деймін. Мұзайдындағы шоуда өнер көрсетуге дайынмын. Көрермендерге нағыз шоуды көрсеткенше асықпын. Енді-енді сырғанап жүрген соң төрттік элементтер туралы айта алмаймын. Жаттығулар, ем-дом аяғыма қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін.

— Былтыр Олимпиадаға қатысамын деп аяғыңызға операция жасамадыңыз. Қашан жасатпақшысыз, әлде осылай жүре бересіз бе?

— Операцияның да қауіп-қатері бар. Денеңнің кез келген бөлігіне хирургиялық араласу болған жағдайда операцияға организмің қалай жауап беретінін ешқашан білмейсің. Денеңде бұрын болған сезу қабілетін жоғалтып алуың мүмкін. Осындай нюанстары көп болған соң тәуекелге бара алмаймын. Сол себепті биыл өнер көрсетемін деп шештім. Мен үшін бұл кезең өте ауыр болды. Жаттығуға да, жарысқа да толық күшіңді арнай алмағаның өте қиын. Сонда да барлық үміт ақтала қоймаса да, бұл өзгеше тәжірибе болды. Қолымнан не келеді соны жасауға тырыстым. Менің қазіргі міндетім толығымен емделіп шығу болып отыр. Интенсивті оңалту практикасынан өттім, физиотерапевтпен жиі жұмыс істедім, 3-4 рет дәрі екті. Сіңірдің қалпына келуі ұзақ уақытқа созылады. Сүйегімді сындырсам сіңірге қарағанда емдеу әлдеқайда жеңіл және тез жазылатын еді. Сіңірді жарақаттап алған соң тіпті ол емделген күннің өзінде бұрынғыдай шымыр болмайды. Дегенмен бұл да тәжірибе. Спорт салауатты өмір салты десе де, ол әрдайым денсаулық емес, кез келген кәсіпқой спортшы жарақаттанады.

— Мәнерлеп сырғанаушы үшін оң аяқ өте маңызды. Себебі секіру элементтерін орындағанда мұзға оң аяқпен қонады. Менің білуімше, сіздің оң аяғыңыз жарақаттанды. Аяғыңыз қаншалықты жарамды? Келесі маусымға қатысасыз ба?

— Қазір бірнәрсе деудің өзі қиын. Өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Тіпті ұшу қажет болғанда ұшаққа отыруға болмайтын кездер болды. Қысыммен оң аяғым ісіп кететін болды. Бұл мұз үстінде ғана кедергі келтірген жоқ, сонымен бірге күнделікті өмірде де жәй ғана көшеге шығып қыдыра алмадым, жүгіруді жақсы көретін едім оған да тыйым салды. Астанаға келгелі «қандай әдемі жағалау, таңертең шығып жүріп қайтуға, жүгіруге болады ғой» деп жүрмін. Десе де, қазір аздап жүгіруге болады, ал осыған дейін мұны ойлауға да болмайтын. Осындай жағымсыз сәттер кездеседі. Әжептәуір уақыт өтті. Шоудан кейін тағы бір рет тексереміз. Қазір алаңдауға болмайды, әртүрлі ақпаратпен басыма салмақ түсіргім келмейді. Алда бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

— «Денис және оның достары» шоуынан басқа тағы қандай жобаларды қолға алдыңыз?

— Жоба деуге келмесе де, жүзеге асырғым келетін, өзім қатысқым келетін қандай да бір идеялардың көрінісі бар. Балаларға өз қалтамнан шығарып мастер-класстар өткіздім. Оларға толықтай тегін болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен өзін жақсы көрсеткен балаларды таңдап алып Алматыда семинар өткіздік. Алексей Ягудин келді, әртүрлі би сабағы болды. Санжар Мәдиев актерлік шеберліктің қыр-сырларын үйретті. Себебі сахнаға шығу, толқынысыңды жеңе білу мәнерлеп сырғанаумен тығыз байланысты. Досым IT-маман Арман Сүлейменов болса білімнің, спортпен қатар мектепке барудың қаншалықты маңыздылығы турасында айтты.

Биыл графикалық дизайн саласында да жұмыс істеу қызықты болды. «Инстаграмнан» көрдіңіз бе, жоқ па, иллюстратор досым екеуміз бірге @mini.denis деген анимацияланған жоба бастадық. Жоба бойынша анимациялық кейіпкер шынайы өмірде жүреді, саяхат жасайды, өз ойымен бөліседі, тіпті ұйқылы-ояу селфи жасайды.

Фотоға түсіргенді, музыканы ұнатамын. Кеше ғана Димаш Құдайбергенмен жолықтым. Димашпен бірлесе ғажап туындылар жасайтын Ерлан Бекчуриннің студиясында болдым. Мұзайдындағы шоуда авторлық контентім болады. Бағдарламамның авторлық концепциясын жасап жатырмын. Менің әндерім де болады. Ерлан маған аранжировкасын жасауға көмектеседі. Кеше демо-тректі көрсеттім, қызықты өнер туындысы шығады деп ойлаймын. Осындай қызығушылықтарым спортта қалуыма, жақсы өнер көрсетуіме көмектесті. Ешкімге ұқсамайтын стилімнің қалыптасуына әсер етті. Аяғым жарақаттанған соң қиын кезеңде қосымша жобалардан аздап қол үзіп қалдым. Бірақ маусым арасында оралып, жобаларды қайта қолға алдым. Идеяның сарқылып қалу деген менде болмапты. Жүзеге асыра алмаған қаншама идеям бар, қазір соларды жүзеге асырғым келеді.

— Көптеген қызығушылығыңыз бар екенін айтып өттіңіз. Осының бәріне қалай үлгеруге болады?

— Басқаларда бір күнде қанша сағат болса, менде де сонша сағат бар. Шынымды айтсам, жаттығуға ғана бар күшімді салады екенмін. Осынша уақыт жаттығу керек, мынадай тапсырмаларды орындауым керек, осындай мақсаттарыма жетуім керек деп еңбектенемін. Басқа қызығушылықтарыма деген мұндай амбиция жоқ. Музыканы жазғым келгенде ғана, графикалық жобалармен айналысқым келгенде ғана көңіл бөлемін. Өзім сурет салмаймын, скетчін жасап, идеяны түсіндіремін. Иллюстрациямен айналысатын досыммен бірлесе жасаған картиналарды әлеуметтік желіге жарияламаймыз. Менің музыкама шағын мультфильм жасады. Үнемі миыма идеялар келсе де, сол салада атақты тұлға болсам деген амбициям жоқ. Мен үшін мәнерлеп сырғанау әрдайым бірінші орында, ал қалғанын қатар алып жүруге тырысамын. Желтоқсанда ҚБТУ-ды бітіріп, диплом алып шығамын. Соған дейін сабақ оқуым керек, себебі жауапкершілік деген бар. Ал қалған істерге келгенде ынтам болғанда ғана жасаймын. Мысалы музыка идеясы ең қолайсыз уақытта туады. Үйде «қазір басыма идея келеді, сосын соны жазып тастаймын» деп отырмаймын. Мұндай процесс ұнамайды. Метрода болсын, тауға шыққанда, сауда орталығына кірген кезде идея сап ете қалғанда сол идеяны ұстап қалуың керек. Егер ұстап қалмасаң қайта келмейді.

— Бұл шоуға жақын досыңыз Стефан Ламбьель қатыспайды. Не себепті бұл шоудан көре алмаймыз?

— Қазір академиясын дамыту үшін жұмыс істейді. Ең бірінші чемпион, содан кейін артист болса, қазір бапкер ретінде Швейцарияда академияның жұмысын үйлестіріп отыр. Тіпті Олимпиада ойындарына қатысатын шәкірттері бар. Қазір онымен сирек жолығамыз. Ал кездесе қалсақ оның әңгімесіне, болашақ жоспарларына құлақ түріп тыңдаған ұнайды. Ол да қатарынан екі жыл мұзайдындағы шоу өткізді. Биыл қонақтар қатарында жоқ. Жанкүйерлерім «араларында бірнәрсе болып қалды» деп қорқуы мүмкін. Жоқ, олай емес. Биылғы шоу форматы өзгеше болған соң жаңа есімдер көп болады, соған сай қызықты көрсетілім болмақ. Стефанмен өте жақын доспыз. Қазақстанға артист ретінде ғана емес жас спортшыларға мастер-класс өткізуге келуі мүмкін. Еліміздегі жас мәнерлеп сырғанаушылардың дамуына азғантай болса да үлесін қоссады деп сенемін.

— Сіз де досыңыз Стефан секілді бапкерлікпен айналысқыңыз келмей ме?

— Шынымды айтсам бұл туралы терең ойланбадым. Балаларға көмектесу, өз тәжірибеммен бөліскен ұнайды. Әрқайсысы жетістікке жете алатынына көздерін жеткізгім келеді. Қазіргі жаттығуларына қарап менің кезімде жағдайдың қиын болғанын ұғамын. Демек қазірдің өзінде оларда бір артықшылық бар және оны қолдана білуі тиіс. Бапкер ретінде академия ашу туралы идеяны түртіп қойдым, бірақ бапкер болу үшін мен әлі жаспын. Бірақ бапкерлік деген вакуум сияқты бір түссең әрі қарай айналысып кетуің керек. Ал мен бірнәрсені қолға алсам оны басынан-аяғына дейін жасап бітіремін. Шоу болса ол жәй шоу емес, үздік әлемдік шоулардың бірі, еліміздің символы болуы тиіс. Бір жобаны қолға алсам, оның басқа жобалардан ерекшелігі болуы тиіс. Бапкер болу үшін әлі жаспын. Бапкер болу үшін балалардың болашағына деген жауапкершілікті арқалауың керек. Дәл қазір бапкер болып кетсем бұл дұрыс болмас еді.

— Ал карьераңызды аяқтаған соң?

— Мүмкін карьерамды аяқтаған кезде ақылым толысып, қандай да бір нәрселерге басқаша қарап үйренгенде бұл лайықты таңдау болар еді. Адамдардан әрдайым көмегімді аямаймын. Бір баланың болсын арманының орындалуына көмегім тисе бостан-бос өмірге келмедім деп санаймын.

— Биыл да әлемдік жұлдыздар ұлттық стильде өнер көрсете ме?

— Әрине, міндетті түрде. Бұл біздің мақтанышымыз, біздің концепциямыз. Кез келген шоу бұл жобаның негізгі идеясын жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса да шынайы шықпайды. Себебі бірнәрсені қолға алғанда сен оны елің үшін жасайсың. Шоу басталғанға дейін бәрі идея жүзінде миыңда жүреді. Сосын оны мен біреумен бөлісемін, сосын екінші біреумен… Содан кейін жұмыс басталып идея жәйлап жүзеге аса бастайды. Басыңда ойнаған музыканы сәлден соң динамиктен естисің. Хореографияға келер болсақ ол көз алдыңда елестеп тұрады. Бидің ойша көрінісін хореографпен бөлісіп, спортшыларға үйретесің. Костюм тіккенде, алғашында миыңның бір қатпарында тұрған образдың скечтін саласың, содан кейін оны тігуің керек. Сосын оны спортшының үстінен көрген соң таңданып, әрбір идея бала секілді сенің туындың екенін байқайсың. Бәрінен бұрын еліңе үлкен мереке сыйлағың келетінін түсінесің. Жалпы айтқанда бұл мен үшін ерекше оқиға. Осы шараға келетін әрбір адам осыны сезіне білсе деймін. «Инстаграмға» шоу өтетін алаңның рендерін жарияладым.

Олар ең бірінші елімізді құрметтейтін болған соң, екіншіден мәнерлеп сырғанау қызық болған соң шетелден қонақтар келеді. Мен алғаш аяғыма коньки кигенде жағдай мүлде басқаша болатын. Ал қазір бәрі әлемге әйгілі мұзайдындағы шоуларға қатысқысы келеді. Қатысушыларға арнап тіккен костюмді өздеріне сыйлаймыз. Каролина Костнер 2013 жылы Қытай кубогында еркін бағдарламада қазақтың ұлттық киімін киіп шықты. Оның дизайнерлері италиялық шеберлер болса да, ол көйлегі дайын болмаған соң біз сыйлаған костюмді таңдады. Мұның қандай құрмет екенін ойлап көріңізші. Бұл жобада шетелдіктер мәнерлеп сырғанау арқылы, көрсетілім арқылы біздің мәдениетімізбен таныса алады.

Егер елімізге кез келген шоу келіп қазақстандық қойылымды қояр болса, бұл бәрібір де жақсы шықпайды. Оның коммерциялық мақсатта ғана дайындалғанын, шынайы ниет жоғын білесің. Ал қазақ халқының рухты халық екені баршаға мәлім.

— Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының потенциалын қалай бағалайсыз?

— Қазіргі жағдайы анағұрлым жақсы. Спортта жүргеніме 20 жылдан асты. Бала кезімде ашық мұзайдында сырғанадым, коньки сатып алу мүмкін болмады, оның жүзін әкем егеп беретін. Ал секіру элементтерін видеокассетадан үйрендім. Қазіргі балаларда мұндай проблема жоқ. Бәрі бар. Астананың инфрақұрылым өте жоғары, жалпы сырғанаумен айналысуға болатын тамаша «Оқушылар сарайы» бар, «Алау» мұз сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, «Барыс-Арена», «Қазақстан» спорт кешені, басқа да Астана маңайында жаттығу базалары бар. Алматыда да жақсы мұзайдындар пайда болды. Жақында ғана Атырауда, Оралда, Шымкент, Қарағандыда болдым. Барлық жерде мұзайдындары салынып жатыр. Осындай жағдай жасау арқылы әр бала мұзда сырғанап көре алады.

Мәнерлеп сырғанау деңгейі туралы айтсақ, жақсы жақтары да, кем тұстары да бар. Осы спортпен шұғылданатын балалардың саны артқаны өте жақсы, ал талантты балалардың көптігі одан да жақсы. Қазақстанда балалардың бәрі үнемі қозғалыста, көшеге шығып ойнағанды жақсы көреді, бәрі аулада футбол ойнап өскен. Шығыс тәрбиесінің болғаны да үлкен артықшылық, себебі балалар үлкенді тыңдайды, сыйлайды. 2015 жылы мұзайдындағы шоудан кейін мастер-класс өткізгенімізде жанымда Канададан келген Джони Рашед болды. Ол балаларға тапсырма берген соң балалар соны жасауға кетіп қалды. Істеп жатыр, істеп жатыр, балалар тапсырманы қалтқысыз орындап жатыр. Ал канадалық маман балалардың тапсырманы бір рет қана орындайтынына үйренген. Ол менен «неге әлі жаттығуды істеп жатыр» деп сұрады. Оларға тоқта деп айтпасаң жаттығуды тоқтатпайтынын айттым. Осыған таңғалды. Бұл дегеніміз біздің мәдениетімізді айшықтай түседі. Балалар еңбекқор, бірнәрсе болсын үйренгісі келеді.

Ал кемшін тұстарға келер болсақ, мен спортта жүрген кезден бастап бар мәселе. Бізде спортшыларды дайындайтын нақты жүйе жоқ, кадрлар жетіспейді, кәсіби әрі амбициясы жоғары мамандар тым аз. Қазақстанда кәсіби екі бапкерді ғана білемін. Балалармен қалай жұмыс істейтінін, өз мүмкіндіктерін шама-шарқынша үйретуге тырысатынын көрдім. Мұндай мамандар балаларды қабылдап алғанда барлық жауапкершілік өздерінде екенін біледі.

Бір оқиғаны айта кетейін, оған қарау мен үшін ауырға соқты. Баланы әкеліп тапсырған ата-ана маманға толықтай сенеді. Бапкер не істесе де онікін дұрыс деп ойлайды. Кәсіби спортшы болған соң олардың ең бастапқы кезеңнен қандай қателік жіберетінін байқайсың. Спортшыдан ештеңе шықпауы мүмкін, спортпен бір-екі жыл, не бес-алты жыл шұғылдануы мүмкін. Бір кезеңде ішкі потенциалы мен таланты өседі де, содан кейін кедергіге тап болады. Сол кезде балалардың қалай уайымдайтынын көремін. Біріншіден, олар аз уақыт жоғалтпады, мұның орнына басқа да нәрсемен шұғылданар ма еді. Мектепке де дұрыс бармады. Бір жақсысы тәртіп бойынша жүруді үйренді. Осыдан кейін балалар қолдарынан келмеген соң өздерін талантсызбын деп есептейді, бұл мені қатты қынжылтады. Шындап келгенде проблеманың бәрі оларда емес жаттықтырушыда. Ал жаттықтырушы үйретпегені үшін кінә өзінде деп мүлдем ойламайды. Оның жұмысы – спортшыға үйрету, бағыт беру. Балада оң нәтиже болмаса оның таланты жоқ деген сөз емес, жаттықтырушы үйрете алмады деген сөз. Кез келген мүмкіндікті пайдалануға болады. Талантсыз, дарынсыз адам болмайды, біреумен көп, ал біреумен аз жұмыс істеуің керек. Осы менің көңілімді түсірді. Мұны уақытша мәселе деп ойлаймын. Қысқа мерзімде мемлекеттен, адамдардан көп нәрсе талап ете алмайсың. Инфрақұрылым дамып жатыр. Халық арасында спортқа деген қызығушылық артып келеді. Ақша үшін, жеке ұстанымдары үшін емес, спорт үшін, спорттық жетістіктер үшін, балалар мен ел үшін, өзі үшін жұмыс істейтін мамандар пайда болғанда жақсы нәтиже болады деп ойлаймын.

— Бұл мәселені шетелдік мамандарды шақыру арқылы шешуге бола ма?

— Оларды шақыру жеткіліксіз. Өзімізден мамандардың шыққаны маңызды. Басқа елден жаттықтырушы әкелудің нәтижесі ұзаққа бармайды. Өз елімізде жаттыққан Дмитрий Баландин Олимпиада ойындарында чемпион атанған кезде қалай мақтандық. Оны жақсы көресің. Таныс болсам да жақын араласпадық. Алматылық екенін білемін, ол өмір бойы осы жерде жаттықты. Олимпиада медалін алған нағыз феномен. Өз еліңнен шыққан спортшымен мақтанасың. Спортшының елін қаншалықты жақсы көретінін түсінесің. Головкин жеңіске жеткендегі мақтаныш сезімін айтып жеткізу қиын. Адамдар оның қазақстандық екенін, менталитеті біздікі екенін біледі.

Кореяға барған соң аяғымдағы жарақатымнан екі айдай ұшу мүмкін болмады. Кореяда өмір сүру, адамдарының қандай екенін көру, не ойлайтыны әрдайым қызық болды. Менің ата-тегім корей болған соң «корей қазағысың ба, әлде қазақ корейісің бе» деп сұрақ қояды. Өмірлік құндылықтар мен көзқарастарымды салыстыра келе корейге қарағанда қазақ екенімді ұқтым. Басқа жерге кеткенде Отаның әрдайым сенімен бірге деген сөз бар. Мен мұны кішігірім нәрселерден-ақ байқай аламын. 10 жасымда Мәскеуге, 17 жасымда Америкаға кеттім. Сонда да жан-тәніммен өз елімде қала беретінімді сездім. Қазақстан деп жүрегі соғатын спортшылардың артатынына үміттенемін.

Шетелдік мамандарды балаларды ғана емес, қазақстандық мамандарды даярлауға шақыру керек. Менің ойымша, ең алдымен, жаттықтырушыны оқыту керек, содан соң спортшыға үйрету керек. Бес күндік мастер-класта адам физикалық түрде көлемді ақпаратты қабылдай алмайды. Бұл үшін қаншама жылға арналған бағдарлама қажет.

— Элизабет Тұрсынбаеваның мүмкіндігі қандай, потенциалын қалай бағалайсыз?

— Екі күн бұрын Серік Сәпиевпен әңгімелестім. Мен одан мұзайдындағы шоу туралы айта келе бізде қандай мәнерлеп сырғанау жұлдыздары барын сұрадым. «Мен тек үш адамды білемін, сен, Элизабет және Абзал» деді ол. Шынымен де, осы үш спортшы халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, көпшілікке танылды. Спортшылар көбейгені дұрыс, себебі Олимпиадада командалық турнирде медаль алу мүмкіндігі жоғары. Элизабет 18-де, бұл нағыз өзін көрсететін жас. Қабілетті спортшы, әлеуметтік желіде оның төрттік элемент орындаған видеосын бәрі көрді. Бұл деген кез келген спортшының қолынан келмейді. Бәрі бірдей күрделі элементтерді жасауға қабілетті емес.

Қазір мәнерлеп сырғанаудың деңгейі көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатыр. Бәсекелестіктің әсіресе әйелдер сынында артып отырғанын көріп отырмыз. Әйелдер спортында атлет ретінде өмір сүру ұзақтығы қысқарып келеді. Гимнастиканы алып қарасақ, қыздар 15-16 жаста спорттың шыңына жетеді. Мәнерлеп сырғанауда да осындай тенденция болып жатыр. Вaby boom деген терминді естіген болсаңыз қазір ересек қыздар емес жас қыздар бір-бірімен жарысып жатыр. Себебі өте күрделі бағдарлама, өзгеше элементтер, төрелік жүйесі өзгерді. Ал Элизабет үшін қазір ең маңызды уақыт, жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндігі бар. Бастысы мұз үстінде «вау» элементтерде жасауы керек. Соңғы тенденцияға қарап спорттың қайда ұзап бара жатқанына таңырқайсың. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын төрттік элементтерді орындаған мәнерлеп сырғанаушы жеңіп алды. Элизабеттің спорттағы жолы ұзақ болады деп ойлаймын. Бұған ол стратегиялық тұрғыдан дұрыс дайындалып, өз бағдарламасын күрделендірсе жоғары деңгейге жетеді.

Спортшылардың буыны бар, мен оның үшеуінен өттім. Өзімді жеңімпаз сезінген кез алтын кезеңім болды. Ол кезде денім сау және барлық мүмкіндігімді сезе білдім. Элизабетте қазір осындай дәуір және ол оны пайдалануы тиіс. Әр спортшының спорттағы өмір сүру мерзімі бар. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың бар болғаны және оны дамытатын тұлғалардың көптеп шыққаны мен үшін маңызды. Мен де спорттан кетемін, Элизабет те ерте ме, кеш пе спорттан кетеді, сол себепті артымыздан мұра қалғанын қалаймын.

— Сіз Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал спортшы болған соң жеке өміріңіз туралы білгісі келетіндер көп. Отбасын құруды қашан жоспарлап отырсыз?

— Қашан екенін айту қиын. Мұндай нәрселерді жоспарламаймын. Шетелге шығып елге келген сайын шынымен ең әдемі қыздар Қазақстанда екеніне көзім жетті. Бізде іші де, сырты да сұлу, көз тартарлық қыздар өте көп. Фотоға түсіруге қызыққан соң 3-4 жыл бұрын машинамен Қазақстанның барлық өңірін аралап жәй ғана адамдарды фотоға түсіргім келді. Туыстарымның көпшілігі оңтүстікте тұрады. Анам Шымкентте, мен Алматыда туғанмын. Әр өңірдегі тұрғындардың бір-бірінен айырмасы бар дейді, бірақ мұны аса байқамаппын. Адамдардың келбетін, олардың ойын, әр аймақтың ерекшелігін камера арқылы көргім келеді.

Қыздарға келер болсақ, Қазақстандағы әр қыз баласы ең алдымен өзінің зат емес, тұлға екенін білуі тиіс. Өзіндік ой-пікір иесі екенін, бағасын білуі тиіс. Ал біз оларды сыйлап, бағалауымыз керек. Ең алдымен, әрбір қыз баласы бақытты болуы тиіс және өз арманына жету үшін ұмтылуы тиіс. Өмірге риза емес, қандай да бір сәтті уысынан шығарып алып, сол үшін қатты күйзелетін адамдарды көргенде көңілім түседі. Өмір деген бір бағытпен ғана жүреді. Кеше Димашпен сөйлескен кезде «алтын уақытта өмір сүретінімізді білесің бе» деймін оған. Менің соңғы екі жылым өте ауыр болды. Қазіргі жасыма қарап, миыма келетін ойлар мен идеяларға қарап осы «алтын уақытта» ғана жүзеге асыра аламын деп санаймын.

15-16 жасында көп адамдар идеясын жүзеге асырмай өзін шектейді. Әркімде себеп болуы мүмкін. Әр адам өзінің «алтын кезеңде» өмір сүріп жатқанын сезсе, бағаласа деймін. Бір адам, келесі бір адам бақытты болса олардың ғана емес, елдегі өмір сүру сапасы жақсарады. Әлемді жақсартқың келсе, өзіңнен баста. Бақытты болғанда ғана мықты бола түсесің. Әсіресе, менің шынайы жанкүйерлеріме осыны тілеймін. Олар маған бірнеше жылдан бері жазады, шоу алдында бәріне жауап беремін деп шештім. Жобаға қызығатын адамдарды қатты сыйлаймын. Менімен бірге өскен адамдардың қолдауын, өмірге деген, маған деген қарым-қатынасын бағалаймын. Сол адамдар өмірден өз орындарын тауып, бақытты болса қатты қуанар едім. Сен бақытты болсаң, сенің ата-анаң да бақытты, айналаң жарқын болады. Барлық жанкүйерлерге, сұхбатты оқитын әр оқырманға осыны тілегім келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.