Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына орай Таразда «Қауіпсіз қала» жедел-алдын алу акциясы бастау алды. Акция қала тіршілігінде болуы мүмкін ірілі – ұсақты қылмыстардың алдын алуға бағытталып отыр. Бұл туралы «ZhambylNews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір ғана түннің өзінде 40 –қа жуық заң бұзушылық әрекет анықталды.
«Қауіпсіз қала» акциясына Тараз қалалық жол-патрульдік полициясының 15 экипажы қатысты. Басты мақсат — түн ішінде жиі болатын қылмыс пен жол жүру ережесін елемейтіндердің өрескел заң бұзуының алдын алу. Рейд барысында қауіпсіздік белбеуін тақпаған, көлік терезелерін заңсыз қараңғылап алған жүргізушілер анықталды. Ішінара мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргендер де жеткілікті.
Тәртіп сақшылары қаланың бірнеше нүктесінде кезекшілік жүргізді. Мас күйінде көлік тізгіндегендер де анықталды. Бірақ бұзақылар полиция қызметкерлеріне оңай бағына қойған жоқ. Тіпті желдей жүйткіп жалтармақ та болды. Дегенмен жауапкершіліктен құтыла алмады.
Басбұзар дереу облыстық накологияға жеткізіліп, қажетті сынамалар алынды.Осылайша 40 – тан астам жүргізушінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, небәрі 4-5 сағаттың ішінде 20 автокөлік айыптұраққа жеткізілді. Аталған іс-шараға қалалық ішкі істер басқармасының 30-дан астам қызметкері, күзет қызметінің күзетшілері жұмылдырылды.
«Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы күндері де жалғасын таппақ. Қоғам тыныштығын сақтауды мақсат еткен акцияның барысы облыс басшылығының тікелей бақылауында болады.