Республика көлемінде өткізілген «Бір сәби – бір ағаш» акциясына Жуалы ауданының тұрғындары да атсалысып, саябаққа қайың көшеттерін отырғызды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
«Бүгінгі акция Республика деңгейінде өтіп жатыр. Туған жерімізді көркейту, жасыл белдеу құру «Туған жер» бағдарламасының негізі. Сондықтан да бүгін біз мұнда дүние есігін жаңа ашқан нәрестелердің ата-аналарын шақырып, ағаш көшетін отырғызуды мақсат тұтып отырмыз. Туған жеріміздің табиғатын қорғау біздің асыл парызымыз. Сол үшін де өлкеміздің көк желекке орануы үшін әр көктем сайын тал дарақ отырғызуды, осындай игі іс шараны үздіксіз жүзеге асырып отыруымыз керек»,- деді аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы.
Көпшілікпен бірге аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков те ағаш көшетін отырғызды.
Сонымен бірге, бұл күні аудан орталығындағы «Жасай бер, Қазақстан!» мен орталық саябақ, «Б.Момышұлы» ескерткіші мен «Шерхан Мұртаза» саябағы және «Жастар» аллеясында тал-дарақтар отырғызылып, аудан мекемелері акцияға өз үлестерін қосты.