Филармонияға Кенен Әзірбаев есімі берілді

0 1

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық филармониясы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 11, 81-құжат) сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысына сәйкес енгізілді.

Кенен Әзірбаев (1884-1976) — қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы болған. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастаған. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл» ,«Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Мемлекет қайраткерлері Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Тоқаш Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды. Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.

Екі мәрте Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.