Тараз қаласында тозығы жеткен жылу желілерін жаңғырту жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Биыл бұл жұмыстар Жамбыл даңғылының маңында іске асырылып жатыр.
Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4 602 метр жылу құбырлары ауыстырылды.
Биыл Төле би даңғылының Жамбыл даңғылынан бастап Қ.Тұрысов көшесіне дейінгі бөлігі аяқталып, қазір Қ.Тұрысов көшесінде құрылыс жүруде. Жамбыл даңғылы Төлеби көшесі мен Қазыбек би көшесінің аралығындағы М-3 жылу магистралын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жалпы 1 536 метр жылу құбырларын ауыстыру жоспарланған.
Сонымен қатар, «Ұлы дала» мөлтек ауданындағы магистралдық және ішкі кварталдық жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын.
Жалпы қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 27,3 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Осы жобалар іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді.