Жамбыл облысында спорттың 48 түрі қамтылған

0 10

Жамбыл облысының спорт мекемелерінде спорттың 48 түрі қамтылған. Оның ішінде 25 олимпиадалық, 14 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрі бар. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.

Қазіргі кезде өңірде облыстың бай спорттық дәстүрін табысты жолға мол мүмкіндіктер жасауға барынша ықпал етіп отырған 46 спорт мекемесі бар.

Олардың қатарында, спорт түрлері бойынша 6 спорт клубы, «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы», «Жоғары спорт шеберлігі мектебі», «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы», «Тараз-Арена» спорт сарайы, «Облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернаты» және 35 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін айтуға болады. Ал олардың 28-ы аудан әкімдіктерінің құзырында.

Өткен жылы облыс бойынша спорт нысандарының жалпы саны 2013 құрады. Оның ішінде 19 стадион, 665 футбол алаңы, 548 спорт залы, 662 спорт алаңшалары және 119 басқа да нысандар бар. Сонымен қатар, 2015 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 2614 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 540 мыңнан астам адам тартылды. Оның ішінде саламатты өмір салтын насихаттау бағытында 1547 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Оған 299 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен қатар, соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғыртуға басымдықтар берілуде. 24 065 спортшы, оның ішінде 15 296 спортшы ауылдық спорт мектептерінде тұрақты түрде спортпен шұғылданады.

— Елбасының жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес, халықты спорт алаңдары мен денешынықтыру залдарымен толық қамту үшін 30 нысан салынуы тиіс. Әсіресе халық көп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде құрылысты бастау керек. Ең көбі Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Байзақ, Меркі аудандарына қажет. Биыл жалпы құны 2,5 миллиард теңге болатын 6 спорт нысаны пайдалануға беріледі, — дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Таразда жеңіл атлетика манежінің, көркемсурет гимнастика кешенінің, 3 сауықтыру спорт кешенінің жобалау құжатына қаржы бөлінді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.