Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда министрлер инклюзивті саясатты жүзеге асыру шараларын талқыға салады.
Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың басында елімізде 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы бекітілді. Инклюзивті саясатты іске асырудағы жаңа тәсілдер құқықтарды іске асыруға, мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасу үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздеді.
Тұжырымдама аясында теңдік және кемсітпеу; құқықтық қорғалу; әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру; инклюзивті еңбек нарығы; денсаулық, абилитация және оңалту; инклюзивті білім беру; қоғамдық-саяси өмірге тарту; кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі; төтенше жағдайлар мен климаттық қауіп-қатерлер жағдайындағы қауіпсіздік; жеке отбасылық өмір; мәдени өмір, бос уақыт және спорт; ағарту-тәрбие жұмысы; мониторинг және есепке алу сынды 13 негізгі бағытты іске асыру қолға алынды.
Құжатты іске асыру іс-қимыл жоспарында барлығы 52 іс-шара көзделген. Олардың орындаушылары – салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар.
Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында осы жылдың 3 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің дерегінше, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3%-ды құрады.
Осы жылдың ерекшелігі – қалыптасқан жағдайға байланысты экономика, мұнай саласын есепке алмағанда, өсіп келеді. Нақты сектордағы өсу 2,1, көрсетілетін қызметтерде 3,7 пайыз болды. Салалар арасында құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсімді көрсетті. Сауда 4,8%-ға, байланыс қызметтері 3,9%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өсті. Инвестициялар өсімнің драйвері ретінде қалып отыр.
Ал Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жалпы халықаралық резервтер наурыздың соңында 129,5 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 67,2 млрд долларға дейін 2,7 пайызға ұлғайды. Ұлттық қордың активтері 2,5 пайыз азайып, 62,3 млрд доллар болды. Бірінші тоқсанда Қорға келіп түсетін түсімдер 184 млрд теңгеге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферт көлемі 800 млрд теңгеге жетті.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қаңтар-наурыз айларында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80,2 пайызды құрағанын айтты.
— 3 айдың қорытындысы бойынша мұнай экспорттау 15,3 млн тоннаны құрады немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 78,5 пайызға орындалды. 2026 жылға болжам – 76 млн тонна, — деді ол.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, құрылыс саласында үш айдың қорытындысы бойынша жұмыс көлемі шамамен 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артты. Жалпы, өңірлердің басым бөлігінде оң өсу динамикасы байқалды. Есепті кезеңде 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары.
— Салада оң динамиканы сақтау мақсатында биыл тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін 20,2 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Ол үшін 20 мың жалға берілетін пәтер сатып алуға 332 млрд теңге бөлу, сондай-ақ жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге 184 млрд теңге қажет. Алайда қаражаттың қайтарылуына қатысты мәселелердің толық шешім таппауына байланысты, қазіргі қаржыландыру жағдайында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метр деңгейінде болжанып отыр, — деді министр.
Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов құрылыс саласындағы шешімін таппаған мәселелерді атады.
— Егер әкімдіктер тез арада тиісті шешім қабылдамаса, тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша артта қалу қаупі бар. Осыған байланысты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жергілікті бюджеттерге пайыздық мөлшерлемені өтеп, облигациялар бойынша негізгі борышты жабуға мүмкіндік беретін нақты тетіктерді әзірлеуді, сондай-ақ аталған құралдарға өңірлердің қатысуы үшін ашық жағдай жасауды тапсырамын. Нақты параметрлері мен қаржыландыру көздері айқындалған дайын шешімдер қажет, — деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік кепілдік есебінен қаржыландыру жоспарланған автожол жобалары бойынша құжаттаманы сүйемелдеу процесі баяу жүріп жатыр. Экономиканың басым салаларында қосылған құнды арттыратын инвестициялық жобаларды анықтау жұмысының да тиімділігі төмен.
— Әрбір басшыға салалар бойынша өсудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін тікелей жауапкершілік жүктелген. Осыны тағы да естеріңізге саламын. Конституцияның қабылдануымен еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Бұл орайда, мемлекеттік аппаратқа, бірінші кезекте басшыларға жаңа талаптар қойылады. Әрбір басшы өзінің жұмыс тәсіліне де, өзіне де түбегейлі жаңаша көзқараспен қарауға тиіс. Ол Мемлекет басшысы айқындаған жаңа талаптарға, жаңғырудың жаңа жалпыұлттық күн тәртібіне сәйкес келе ме? Әрбір басшыдан нақты нәтиже болуға тиіс. Бұны естен шығармаңыздар, — деді Премьер-министр.