Жамбыл облысында жетпістен асқан қария қоян өсіруді қолға алды

0 1

Жамбыл облысында жасы жетпістен асса да, кәсіппен айналысып, жастарға үлгі болып жүрген ақсақал тұрады. Қол қусырып қарап отыруды жөн көрмеген қария қоян өсіруді қолға алған. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Шәкен ақсақал үй жанындағы жайқалған алма бақ ішінде немерелерімен жүр екен. Бұл жер кезінде сусыз құрғақ алқап болыпты. Шәкен ата 400 түп көшет егіп, есек арбамен су тасып, қажырлы еңбектің арқасында қалың алма баққа айналдырған. Қазір ауыл тұрғындары табиғи таза өнімнің қызығын көріп отыр.

Дәулет Сейітжапаров, көршісі:

— Ми дала еді, еңбек етіп, тегістеп, осындай бау-бақша отырғызды. Соның бәрін қолымен екеуі, есек арбамен су тасып, осыны өндірді. Ауылдың адамдары да, барлығымыз алып, осы жерден дәм татып, жеп отырғанымыз рас.

Бүбіхан Жапаралиева, жұбайы:

— Алманы еккенімізге 10 жылдан асып кетті. Жан-жаққа беріп жатырмыз. Қарағандыда да, Астанада да жеп жатыр. Балалар үшін бейнет істеп жатырмыз. 

Ал, қартайғанда қой емес, қоян баққан қарияға талай адам таң қалғаны рас. Бірақ, бизнестің өңірде жоқ жаңа түрін дамытқан ақсақалдың арманы асқақ. Балаларын сұранысқа ие кәсіпке баулып, ұрпағына мұра етіп қалдыруға ниетті.

Нұрлан Нұрдәулет, немересі:

— Мен жазғы демалыста атама көмектесуге келдім. Қояндарға жем, су, шөп беремін. Атам маған қояндарға қарауды үйретеді.

Қазір кәсіпкер қарияның қорасында 200-ге жуық қоян бар. «Фландр», «Великан» аталатын тұқымдарын өсіруде. Келешекте қоян санын мыңнан асыруды жоспарлап отыр. «Мейрамханаларда таңсық тағам ретінде ұсынылатын қоян етіне қазірден сұраныс көп», — дейді қария.

Шәкен Жапаралиев, кәсіпкер:

— Алматы, Астанадағы мейрамхана иелері маған бер деп ұсыныс жасап жатыр. Сонымен бұл жұмыстың сәті түсіп тұр. Мыңға жеткеннен кейін ақпан, наурыз айларында қоян етін өткіземін. Қартайғанда балаларыма үлгі болсын. Қазан, қараша айларында Қытай жаққа барып, загранпаспорт алып қойдым, сол жаққа барып, жаңағы мына қоянның терісін өңдейтін бояуларын, дәрі-дәрмектерін алып келіп, сол жерден білетіндерден технологиясын үйреніп келейін деп отырмын.

Шәкен ақсақал қоянның етін ғана өткеріп қоймай, терісін де кәдеге жаратуды көздеп отыр. Ол үшін қыркүйекте Қытайға сапарламақ. Онда тері өңдеу технологиясымен танысып, қажетті құралдарды алып қайтпақ ойда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.