Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ, биыл өңірде 447 мектеп жұмыс істейді. Мектептерге 215 мыңнан аса оқушы келеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1-ші сыныпқа 26255 оқушы қабылданады.
Ағымдағы жылы 4,9 млрд. теңгеге 14 білім нысандарының құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілмек. Қалған 5 мектеп 2019 жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 221 білім нысанын (149 мектеп, 59 балабақша, 13 мектептен тыс мекеме) ағымдағы жөндеуден өткізуге 232,4 млн. теңге бөлінді.
Алдағы оқу жылында 2567 оқушы 88 автобуспен тасымалданады. 875 оқушы мектеп жанындағы интернаттарға орналасады.
Жаңа оқу жылында Жамбыл облысының барлық мектептеріне оқулықтар 100% жеткізілді.
Балаларды оқуға толық қамту шараларының бірі — мектепте ыстық тамақ ұйымдастыру. Облыстағы 447 мектептің 400-де (89,5%-да) асханалары бар, қалған 47 мектептің 19-да буфет, 28 мектепте асхана да буфетте жоқ (2 НМ, 26 БМ). 117-сі (26,2%) қажетті технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Үстіміздегі жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол» атты акциясы «Бақытты балалық шақ мекені!» ұранымен өткізілуде. Акция барысында жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жергілікті бюджет және демеушілер есебінен қолдау көрсетіліп, қажетті киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілетін болады.
Ол үшін барлық әкімдіктерде арнайы жұмысшы топтар құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленді. Акция аясында түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, қоғамдық орындарда, компьютерлік клубтарда, саяжайларда, базарларда мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында ішкі істер басқармаларымен бірлескен рейдтер өткізілуде.
Үш тілде оқытуға кезең-кезеңмен көшуге байланысты жұмыстар жүргізілуде. Өткен оқу жылында 45 мектепте химия, физика, информатика, биология пәндері ағылшын тілінде оқытылса, жаңа оқу жылында 185 мектепте аталған пәндер ағылшын тілінде жүргізілетін болады.