Жамбыл облысында 407 фармацевтикалық нысан тіркелген. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Мадина Шиналиева мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мадина Сейділдақызының айтуынша, қазіргі уақытта ҚР дәрілік заттарының мемлекеттік реестріне 7 мыңнан астам дәрі түрі енгізілген. Әлемдегі 80-нен астам мемлекет өндіретін дәрі-дәрмек сырқаттанушылардың барлық ауру түрін қамтиды.
Департамент 2016 — 2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша жұмыс жүргізеді.
Сондай-ақ, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдарға баға белгілеу туралы 4 жақты Меморандумға қол қойылды. Оның аясында дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдарға үстеме бағаны төмендету бойынша жұмыстар жасалатын болады.
Нәтижесінде, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық дәрілік заттардың бағасы тұрақталуы жоспарлануда.
Қазақстан Республикасының аумағында медициналық бағытта қолдану үшін сырттан келетін және өндірілетін препараттардың барлығын тіркеп, сапасына қатаң бақылау жасау Қазақстан Республикасының «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы Кодексімен реттелген.
Сондай-ақ, сырқатына қарай, бағасына қарай дәрілерді алу халықтың өз еркінде. Бұған дәрі-дәрмек сату нарығында мүмкіндік баршылық. Мұңдай мүмкіндік артқан сайын дәрілердің сан мың түріне бақылау жасап, қауіпсіздігін назарда ұстау — үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Дегенмен, дәрілерді алу кезінде препараттардың сапасына нұқсан келмеуі және сақтайтын орындардың арнайы талаптары сақталуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін көтерме фирмалар мен дәріхана ұйымдары дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін сақтауға, дәрі құралдарының фармацевтикалық қызмет түрімен көтерме саудамен айналысуға рұқсат берілгендігі туралы лицензия болуы қажет.