Конституция күніне орай жамбылдық 80 отбасыға баспана кілті табысталды. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Жылдан-жылға халық саны артып, соған сәйкес көлемі де ұлғайып жатқан көне Тараз шаһары күн санап көркеюде. Жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, халық сұранысына орай тұрғын-үй мәселесі оңтайлы шешімін тауып келеді.Оның бір айқын дәлелі — «Арай» иінінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақша бой тігіп жатқан көппәтерлі тұрғынжайлар кім-кімді де тамсандырмай қоймас. Соның бірі құрылысы толық аяқталып, бір мезетте 80 отбасы қоныс тойын тойлады. Құрылысын жүргізген «БИНОМ» ЖШС-гі. Құны — 634 млн.теңге.
9 айдан астам уақытқа созылған құрылыс мереке қарсаңында аяқталып, 80 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, көпбалалы отбасылар мен жетімдер бар. Ихтияр Халматов тұрғын үй кезегін 12 жылдан бері күтіп келген. Бүгін жаңа пәтердің кілтін алды.
— Отбасымызбен қуаныштымыз. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында соғылған жаңа үйден пәтер бұйырды. Барлығына рахмет, — деді үш баланың әкесі.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 5 қабатты үй — коммуналдық саналады. Демек, әл-ауқатына қарай, жылдар бойы кезек күтіп сабылғандар мен сондай-ақ, соғыс ардагерлері, жетімдерге берілді. Бюджеттік қызметкерлер де арасынан табылды. Пәтерден-пәтерге көшіп амалы таусылғандар бұл шаттық күнін көптен күткен еді. Ақ жағалылар әр үйге бас сұғып қуанышқа ортақтасып, ақ жаулықты аналардың құшағын гүлге толтырды.
Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов пен ардагерлер қатысты.
Шаһарда осы сынды үй кезегінде тұрғандар саны 15 мыңға жуықтайды. Олар үшін де жағымды жаңалық жоқ емес. Жыл соңына дейін, 430 мың шаршы метр тұрғын алаңын беру жоспарланса, 800 пәтерлі 10 үй және 255 котедждік жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұнан өзге, 15 шағын ауданда іргетасы қаланған оқушылар, неке қию, салтанат сарайлары мен ХҚКО, тәуелсіздік монументі, сауда-ойын сауықтыру орталықтарының құрылысы 2019 жылы аяқтау күтілуде. Осылайша 15 мөлтек аудан Тараз қаласының жаңа орталығына айналмақ.