Таразда қоғамдық көліктер шығаратын газбен ауаның ластануына байланысты туындаған экологиялық проблеманы шешу міндеті алға қойылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, шілде-тамыз айларында облыстық орталықтың ішкі істер басқармасы Жамбыл облысы экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімі мамандарының қатысуымен Таразда «Таза ауа» айлығын өткізген.
«Бүгінде атмосфералық ауаның автокөліктермен ластануы Тараздағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Табиғатты қорғау заңнамасын орындау мақсатында және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ІІБ Жергілікті полиция қызметі газ және түтіннің құрамында мөлшерінен тыс ластаушы заттары бар көліктерді қолданатын жүргізушілерді анықтау үшін бірқатар шаралар ұйымдастырды», — деді құқық қорғау ведомствосында.
Осы уақыт аралығында ҚР ӘҚБтК 334-бабына сәйкес талаптарды бұзған азаматтарға қатысты 183 әкімшілік хаттама тағайындалды.
2018 жылдың басынан бері қоғамдық көліктердің 797 жүргізушісіне қатысты әкімшілік материалдар толтырылған.
Экологтардың пайымдауынша, өткен жылы облыс орталығы бойынша бөлінген газдың көлемі 130 мың тоннаны құраған. Мұндай ластаушы құралдардың негізгісі — қоғамдық көліктер. Тасымалдаушы компаниялар экологиялық нормаларды сақтамайды, ал қалалық автобустар техникалық тексерістен ресми түрде ғана өткендей болады, сондықтан Тараз көшелерінен артынан қара түтін ерген автобустарды жиі көруге болады. Полиция өкілдері бұл мәселе шешімін табады деп уәде берді.