Тараз-Шарм-эль-Шейх бағытында Тараздан Египетке тікелей рейс ашылады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2018 жылдың 31 қазанында бірінші рейс іске қосылады. Ұшу рейстері Boeing 757-200 Sunday Airlines әуе компаниялары арқылы жүзеге асырылады.
«Әулиеата» Әуежайы айына жүзден астам рейске қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап рейстер саны 18 рейске артып, Мәскеу бағытындағы рейстер қайта жаңартылды. Енді бұдан былай жолаушылар Тараз қаласынан Мәскеу қаласына дүйсенбі сайын жүйелі түрде ұша алатын болады. Халықаралық рейсті қайтадан S7 Airlines әуекомпаниясы іске қосып отыр. Ал «Әулиеата» халықаралық әуежайының пиар-менеджері Юлия Егорованың айтуынша, болашақта Тараз бен Мәскеу арасындағы апталық рейс саны жиілеуі де мүмкін. Дегенмен, бұл ұсыныс әлі де талқылану үстінде екен. Сонымен қатар, маусым бойынша жұмыс істейтін Тараз бен Мәскеу бағытындағы әуе билеттерінің бағасы 40 мың теңгеден басталады. «Мәскеу – Тараз – Мәскеу» бағытындағы халықаралық рейстің іске қосылу салтанатына орай, тараздықтар «Әулиеата» әуежайынан Мәскеуден келген 160 жолаушыны қарсы алды. Енді келешекте Тараз қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург, сондай-ақ еліміздің Ақтау және Атырау қалаларына тікелей ұшу бағыттарының мүмкіндіктері қарастырылуда.
Сондай-ақ, жақында Тараздан Стамбулға, Анталияға, Үрімшіге, Ақтөбеге, Атырауға, Тегеранға және Гонконгқа жаңа бағыттар пайда болады.
Айта кетейік, «Әулие-Ата Халықаралық әуежайы» 2016 жылы 9 шілдеден бастап жаңа әуе рейстерін ашты. Атап айтқанда, әуежайдан Тәжікстанға және Ресейдің қалаларына тұрақты рейстер ұшырылды. Қазірдің өзінде «Худжанд-Тараз- Худжанд», «Сургут-Тараз-Сургут» бағыттарындағы рейстердің жолаушыларын күтіп алу шаралары өтуде. Тұрақты рейстер «SCAT» әуе компаниясы арқылы жасалуда. Аптасына екі мәрте ұшатын Тараз-Худжант-Тараз жаңа әуе рейсі арқасында, Тәжікстан жолаушылары Алматы, Астана, Москва, Сібір қалаларына бағытталған тіке рейстермен ұша алады.
Ал 2016 жылдың 10 шілдесінен бастап «Нижневартовск -Тараз- Нижневартовск» және «Тюмень-Тараз-Тюмень» рейстері ашылды. Бұл рейстер Boeng 737-300 және Boeng 737-200 ұшақтары арқылы жүргізілуде. Қазіргі күні «Әулие ата» әуежайы жұмасына «Тараз-Астана-Тараз» хабарламасымен «SCAT» және «Эйр Астана» авиакомпаниясының 6 рейсін қабылдайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Әулие ата» әуежайын жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылды. Оның бюджеті 7,4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 2,8 млрд. теңгесі жеке инвестиция. Келешекте Стамбул, Анталья, Үрімші, Дубай, Ақтау, Атырау, Қарағанды бағыттарына жаңа рейстер ашу жоспарланған. Сонымен бірге, Тараз әуежайы Алматы, Ташкент, Бішкек, Шымкент сияқты қалаларға баламалы әуежай қызметін де көрсете алады.