Бүгін аймақ басшысы Асқар Исабекұлының төрағалығымен ішкі және кірмелік туризм саласын дамыту үшін түзілген арнайы Картаның жұмыс жоспарын талқылау және бекіту туралы жиын болып өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
«Туризмді дамыту – табыс көзі» екендігін баса айтқан аймақ басшысы жауапты басшыларға туристік нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жандандырып, облыс аумағында туристік және жол бойындағы сервистік орталықтарды да қалпына келтіру шараларын қолға алуды тапсырды. Бұл бағытта облыстық туризм басқармасының басшысы баяндама жасап, осы салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Оған сәйкес, алдағы қазан айының басында Таразда «Тараз- Аспара- Фэшнуик» атты сән апталығы мен өзге де іс-шаралар жоспарланған. Бұл апталыққа 16 елден 3000 адам келеді деп күтілуде. Осының барлығы да Жамбыл жерін шет елдерге таныту үшін керек. Таразда сән апталығынан бөлек, туризмді дамыту үшін нақты жұмыс көп. Бір ғана табиғатымыз бен тарихымызды ақтарсақ, қаншама керемет көріністер мен орындар ашылады. Алайда, бүгінде олардың инфроқұрылымдық мәселесін шешу, жолы мен өзге де жағдайлар бойынша нақты жұмыс жоқ. Осы басқасуда облыс әкіміне Таразда туристерді алып жүретін төбесі ашық автобус жалдау жөнінде ұсыныс тасталды. Алайда, аймақ басшысы мұны да дер кезінде байқап, керек еместігін айтты. Оған бөлінетін 8 млн. теңгені туризмді дамытудың басқа бөлігіне жұмсайық деген ой тастады.
Облыстағы туристік нысандар, тарихи орындар және кесенелер аумағына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, халықаралық стандартқа сәйкестендіру күн тәтібіндегі бірінші мәселеге айналу керектігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Асқар Исабекұлы «Қазақ хандығы» монументі маңынан Тараз қаласы тұнған тарих ордасы екендігін көрсететіндей үлкен мұражай бой көтеру керектігін, сондай-ақ туризмге бөлінген ақшаны құр автобус немесе ақпараттық киоскке құртпай, өзге өңірлермен байланыс орнатып, туристік нысандардың инфроқұрылымын дамыту керектігін айтты.
Картаға енген Тараздағы 5 тарихи нысанды қалай дамытудың нақты жоспарын әзірлеп, оны іс жүзінде жүзеге асыру ауадай қажет екендігін ескертті.
Жамбыл жерінің тамаша табиғатын тиімді пайдалану — туризмді дамытудағы таптырмас құрал екендігін айтқан аймақ басшысы жиын соңында жауапты басшыларға медициналық туризмді, фито туризмді дамыту жөнінде шұғыл тапсырма берді.