Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы ішкі істер департаменті қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Іс-шара барысында Асқар Исабекұлына ішкі істер департаменті тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалып, жыл соңына дейінгі жоспарлар айтылды. Сонымен қатар, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар беріп, бастысы бөлінген қаржыны тиімді әрі жүйелі жұмсауды тапсырды. Облыс әкімі түн мезгілінде көшелерде болатын бұзақылық пен қылмыс тыйылмай тұрғанын ескертіп, құр статистикадан нақты жұмысқа көшетін уақыт келгендігін баса айтты.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:
— Түнгі уақытта жастар ойына келгенді істейді. Машинасының нөмірі жоқ, жол ережесінің бәрін ысырып қойып мас күйінде айдайды. Жол көлік апаттарының орын алып жатуы, бір-бірімен көшеде жарысуы бәрін халық көріп отыр. Бізде қаншама жол потрульдік полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр деп отырмыз. Онда неге олар белден басып тәртіп бұзып жүр? Билік қайда? Тәртіп қайда? Осының бәрін басты назарда ұстау керек.
Өз кезегінде облыс әкімі блокадалау қызметі мен қақпа қондырғыларының ерекшеліктерімен танысты.
Айта кетейік, аймақ басшысы жаңартылған, экспозициялық және кинозалы бар ІІД музейін де тамашалады, онда Жамбыл облысы полициясының тарихи қалыптасуы және кәсіби қызметінен сыр шертетін 1000-нан астам түрлі экспонаттар қойылған. Олардың арасында мұрағат құжаттары, фото және бейнематериалдар, материалдық және рухани мәдениеттің жәдігерлері – кітаптар, сувенирлер, макеттер, муляждар, өнер туындылары, қару-жарақ, раритеттік автотехника және тағы басқа құнды заттар бар.
Бұдан кейін, Асқар Исабекұлы, «Достық» алаңында ішкі істер департаменті қызметкерлеріне су жаңа JAC S5, JAC S3 маркалы 68 автокөліктің кілтін табыстады.
Сондай-ақ, Қостанай облысында шығарылған патрульдік машиналарды сатып алуға облыстық бюджеттен 450 млн теңге қарастырылған. Енді бұл көліктер қаланың жергілікті полиция қызметкерлеріне, жол потрульдік полициясына, тас жолда қызмет атқарып жатқан батальон қызметкерлеріне таратылады.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айының сегізінші жұлдызында Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің жаӊа бастығы тағайындалған болатын. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрініӊ орынбасары полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов жеке құрамға Жамбыл облысыныӊ ІІД-ніӊ жаӊа бастығын таныстырды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрініӊ бұйрығымен облыстық ІІД бастығыныӊ лауазымына полиция полковнигі Арман Оразалиев тағайындалды.
Арман Молдиярұлы ІІМ Алматы жоғары мектебін тәмамдады. Бұрын ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығыныӊ орынбасары болып қызмет атқарды.