Меркі ауданында облыстық ақындар айтысы өтті

0 21

Меркі ауданының 90 жылдық мерей тойы қарсаңында ұйымдастырылған облыстық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Айтысты аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков ашып, 1928 жылдың 3 қыркүйегінде құрылған аудан және оның жұртының тоқсан жыл бедерінде жүріп өткен соқтықпалы-соқпақты жолына, тарихтан сыр тартқан шежіресіне, Сыпатай, Жауғаш, Андас батырлардың ерлігіне, Тұрар Рысқұлов пен Асанбай Асқаров бастаған тұлғалардың болашаққа қалдырған тағылымға толы істеріне тоқталды. Ауданның бүгінгі қол жеткізіп отырған жетістіктерін, ауылдарға түгелге жуық газ, ауызсу барғанын, шет елдермен экономикалық байланыстың артқанын, бұл нәтижелі жұмыстар Елбасының дана саясатымен, облыс әкімінің іскерлігімен жүзеге асып отырғанын айтып өтті. Мейірхан Азатұлы қазақтың айтыс өнерін ерекше қадір тұтатынын, айтыскерлердің сөз сайысын әлеуметтік желілерден де жібермей көретінін сөз етіп, өзі үлгі тұтқан айтыс ақындарының кейбір шумақтарын жатқа айтып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

Бұдан кейін айтыс ақындарының додасы басталып кетті. Жыр бәйгесіне облыстың барлық өңірінен көптеген республикалық айтыстарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, қатарынан оза шауып жүрген жиырма ақын қатысты. Олардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, облыстық «Арай» жастар газетінің директор-бас редакторы Дәулет Төленді және Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков (төраға) бастаған қазылар алқасы әділ бағалады. Айтысты тележурналист Нұрбек Қасым жүргізді.

Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша, қазылар алқасының ұйғарымымен Жуалылық ақын Қанат Мырзаxан бас жүлде, Т.Рысқұлов ауданының ақыны Асхат Қылышбек I-орынға иеленді. Ал Алтынкүл Қасымбекова мен Дархан Әбдіманап (Байзақ) жүлделі II-орындарға, Жамбылдық ақын Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбай III-орындарды бөлісті. Ынталандыру сыйлығына меркілік ақын Мейіржан Жекебаев және тараздық ақындар Есет Досалы мен Дидар Апбас лайық деп табылса, қалған 11 ақынға көтермелеу сыйлықтар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.