Таразда сәулет-құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр

0 3

Шаһардың сәулеттік кескін-келбетін жақсарта түсу үшін арнайы құрылған қала құрылысы кеңесінде келісілген шешімдер іс жүзіне аса бастады. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыс орталығында жасалып жатқан сәулет-құрылыс жұмыстарын аралап көрді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Темір жол вокзалының алдына да киелі шаһардың тарихынан сыр шертетін Тараз қаласының ескерткіші қойылды. Биіктігі 9 метр болатын ескерткіштің үстінде киелі мекеннің ежелгі және қазіргі атауы өрнектеліп жазылған. Талас, Әулиеата, Жамбыл және Тараз жазуларының астында өлкенің негізгі болмысын суреттейтін 4 элемент бар:

Тәңірі деген жазуы бар балбал тас, қазақи өрнектері бар домбыра мен қобыз және қауырсын бейнеленген. Бұлардың барлығы көрген жанға бірден Тараздың тарихын елестетеді. Яғни, вокзал – бұл қаланың кіре беріс қақпасы іспеттес. Бұл ескерткіштің нақ осында бой көтеруінің бір себебі де осы. Ескерткіш гранит және травертин тастарымен қапталған. Жан-жағы абаттандырылып, орындықтар қойылып, жаңартылған жарықшамдар орнатылды. Бұдан бөлек, вокзал маңындағы жол кеңейтіліп, жолаушыларға да, жүргізушілерге де қолайлы жағдай туып отыр.

Аймақ басшысы сондай-ақ, Атшабар аллеясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді. Мұнда қазір жұмыстың баяулап қалғанын ескертіп, тірлікті жеделдетуді тапсырды. Алдағы уақытта мұндағы 2 шақырымға жуық аумақта көптеген өзгерістер орын алмақ. Жолдар жаңартылып, тас төсемелер мен орындықтардың барлығы жаңартылады. Сәндік ақ және қызыл тастармен ою ойылып, арасына гүлдер отырғызылады. Сондай-ақ, сквердің кіре берісі мен шығысына қақпа орнатылады.

Тұрар Рысқұлов саябағындағы жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Жаңаша кейіпке енген саябақ жылдың соңында пайдаланылуға беріледі. Бұл жұмыстардың барлығы қаламызды дамытуға және адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалып жатқан шаруалар.

Дереккөз: Jambyl tv

Leave A Reply

Your email address will not be published.