Талас ауданында 23 ауылдың 9-ы газбен қамтылған

0 4

Талас ауданында 23 ауылдың 9-ы газбен қамтылған. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте Талас ауданының әкімі Досмаханбет Алиев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Досмаханбет Қасымұлы ауданының соңғы 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы» туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Аудан әкімінің айтуынша, аудандағы 23 ауылдық елді мекендері ішінен 9 елді мекенге газ құбыры жеткізілген. Жалпы 9 елді мекенде аула саны 1570 болса, газға қосылғаны 1370 үй, яғни 87% құрайды (200 үй қосылмаған).

1996 жылы — Тамды ауылы болса, 2014-2016 ж.ж. – Аққұм, Бостандық, Талапты, Тамабек, Ойық, Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарына газ тартылған.

Айта кетейік, аудандағы елді мекендерді газдандыру мақсатында «Шәкіров АГРС»-нен 5 елді мекенге (Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр ауылдары) орта қысымды газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 4 млрд. 941 млн. теңгені құрайды.

Осы аталған елді мекендерде ішкі кварталдық газ тарату желісінің құрылысы бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптама қорытындысын және жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 48 млн. 900 мың теңге бөлініп, құжаттары дайындалуда. Аяқталу мерзімі 30 қараша 2018 жыл.

Сонымен қатар, Ақкөл, Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендеріне орта қысымды газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізу үшін 3 млрд. 222 млн. теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаражат бөлуге сұраныс берілді.

Аталған елді мекендерге ішкі кварталдық газ тарату желісінің құрылысы бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптама қорытындысын және жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 25 млн. теңге бөлу жөнінде ұсыныс берілді. Жоғарыда аталған елді мекендерге ішкі газ желілерін жүргізген жағдайда елді мекендер саны 17–ге жетіп, 80 пайызы газбен қамтамасыз етіледі.

Аудан бойынша газ босату тарифі:

Жеке тұлғалар — 1 куб=27,27 теңге;      Заңды тұлғалар — 1 куб=35,52 теңгені құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.