2018 жылдың 21 қыркүйегінде «Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесіне орай, Жамбыл облысы ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауын өткізді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Байқаудың мақсаты — ҚР тіл саясатының маңызды факторы ретінде түрлі ұлттар мен ұлыстар достығы мен бірлігін дамыту, ІІД қызметкерлерінің мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді үйренуіне, тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейтуге, тіл байлығын дамытуға байланысты қолдау көрсету, ынталандыру, марапаттау, олардың қызметтегі кәсіби әлеуетін дамыту.
Байқауға ІІД басқарма, дербес бөліністерінің, Жергілікті полиция қызметінің және Тараз қ. ІІБ,1,2-полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен құралған топтар қатысты.
Сондай-ақ, байқауға арнайы келген ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры, Ішкі істер министрінің Баспасөз хатшысы Алмас Садубаев баяндама жасап, өз баяндамасында жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстан халқы тілдері күні 2017 жылғы ҚР Үкіметі қаулысымен биылдан бастап 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілгенін, себебі, 5 қыркүйек – қазақ тілінің білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні екендігін айтты.
Байқау «Ұлттың қуаты — тілінде» таныстыру, «Достығымыз жарасқан» үй тапсырмасы және үшінші «Атадан қалған асыл сөз» тақырыбындағы шешендік қабілеттерін көрсететін үш кезеңнен тұрды.
Бағалау барысында ең алдымен кезеңдер бойынша ұсынылатын мәліметтердің сәйкестілігі, құндылығы мен өзектілігі, қолдануы тұрғысы, танымдық, тәрбиелік әлеуеті, материалдардың шынайылығы, деректік және теориялық қателіктердің болмауы, әр кезең бойынша регламенттердің сақталуы ескертілді.
Қазылар алқасының төрағасы ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бахытжан Ералин, ал қазылар алқасының құрамында Жамбыл облысы ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Өрнекбай Смаилов, Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Жасөркен Жақсылық, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап, облыстық «АRAI» газетінің Директоры-Бас редакторы Дәулет Төленді мүшелік етті.
Байқау қорытындысы бойынша ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының «Гюзаль кизлар» өзбек тобы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды, ІІД Жергілікті полиция қызметінің «Атамекен» қазақ тобы – екінші орын, ал Тараз қаласы Ішкі істер басқармасының «Сакартвело» грузин тобы жүлделі үшінші орынды иеленді. Ал, Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы 1-полиция бөлімінің «Достық» кәріс және Тараз қ. ІІБ 2-ПБ «Горячий каравай» орыс топтары «Көрермен көзайымы» және «Өнерлі топ» номинацияларының иегерлері атанды.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы аясында әдістемелік жәрмеңке ұйымдастырылып, фойеде облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында халық композиторларының шығармалары орындалып, сондай-ақ қолөнер шеберлерінің туындылары жеке құрам мен қонақтардың назарларына ұсынылды.