Тараздық жастарға туризм саласы жан-жақты түсіндірілді

0 5

Таразға алғаш ат басын бұрған Орталық Қазақстанның туризм, мейрамхана ісі және қолөнер шеберлері қауымдастығының президенті Майя Ағаділова семинарға қатысушыларға туризм саласын дамыту мен туристерге қызмет көрсетудің тың тәсілдерін үйретті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маманның айтуы бойынша, Тараз қаласының туристік орталыққа айналу мүмкіндігі өте жоғары. Себебі, шаһардың тарихы бай, аңыз-әңгімеден де кенде емес. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланың туристері «Айша Бибі», «Қарахан» кесенелеріне бас сұқпай кетпейді. Білім алып жатқан жастарға сала бойынша дұрыс бағдар көрсетіп, шаһардың тарихы турасында кеңінен ақпарат берілсе, қала меймандарына қызмет көрсету сапасы да жоғарылайды. Дүниежүзілік туристік ұйым мәліметтеріне сәйкес, дүниежүзі экспорты бойынша автокөліктер, химия өнімдері және жанар-жағармай экспортынан кейін, туризм төртінші орында тұр. Демек, бұл туризм саласына байланысты қолға алынған жұмыстар жүйелі жүргізілсе, өңірдің экономикасы да гүлдене түседі деген сөз. Мысалы, биыл туризм саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыста туристер легінің өсу динамикасы байқалды.

Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы туризмді дамыту үрдістері мен негізгі бағыттары айқындалған «Ішкі және кіру туризмін дамыту аймақтық картасы» әзірленді. Жоба аясында Талас Алатауының 3 200 метр биіктігінде орналасқан, құны 3 млрд 355 млн теңгені құрайтын «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағының құрылысы басталды. Жоба нәтиже беретін болса ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағым орта есеппен 45 000 туристке көбейеді деп күтілуде. Туристер саны артқан сайын оларға қызмет көрсететін гид-экскурсоводтарға да сұраныстың артатыны белгілі. Аталмыш шарада маман Майя Ағаділова шетелдік меймандарға шаһардың ерекше орындарын таныстыру кезінде ескерілетін жәйттерді кеңінен қозғады.

– Тараз қаласының үлкен туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндігі бар. Туристердің бір ғана «Айша Бибі» кесенесін көруге деген ықыласы жоғары. Мысалы, Еуропа елдерінде әрбір тарихи орынның үлкен маңызы бар. Олар кішкентай ғана нысаннан үлкен туристік обьект жасаудың шебер тәсілдерін меңгерген. Біз мықты маман дайындамай туристерді күте алмаймыз. Қызмет көрсету сервисін жетілдіру арқылы ғана шетелдіктердің қызығушылығын тудыруға болады,–деді Майя Ағаділова.

Семинарға түрлі оқу орындарынан 100-ге тарта студенттер қатысты. Олардың барлығы шара соңында арнайы сертификаттарға ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.