Головкин екі әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасатын болды

0 0

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің бапкері (38-1-1, 34 КО) Абель Санчес орта салмақтағы әлем чемпионы титулы үшін өтетін екі жекпе-жекке түсініктеме берді, деп хабарлады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі  Sports.kz.-ке сілтеме жасап.

Әңгіме WBA «тұрақты» чемпионы Риота Муратамен (14-1, 11 КО) өткізілуі мүмкін жекпе-жек пен Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) допинг-тестен сүрінуіне байланысты белбеуінен айырылып қалған жағдайда, бос қалған WBO титулы үшін ұйымдастырылатын айқас жайлы болып отыр.

«Мурата дейсіз бе? Онымен кездесуіміз мүмкін. Бұған дейін оның промоутері Акихико Хонданың өзі бұл мәселені көтерген еді. Ол бұл жекпе-жек ұнайтынын айтты. Сондықтан бәрі де мүмкін. Сонымен қатар допинг-тестен сүрінген Сондерстің белбеуіне де көз тігіп отырмыз – егер оның белбеуін қайтарып алса, біз бос қалған титул үшін жұдырықтасатын шығармыз, кім білсін», — деді Санчес. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) басшысы Маурисио Сулейман сондай-ақ Головкиннің мексикалық Сауль Альвареспен үшінші жекпе-жегі өтуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Оның пікірінше, Головкиннің реванш өткізу жайлы ұсынысы ескерусіз қалмауы керек.

— «Канело» белбеуін қорғауға міндеттелуі мүмкін, алайда өз еркімен қорғайтын жолдары да бар. Сондай-ақ біз Головкин реванш сұрағанын білеміз. Әзірге бұл жекпе-жек ресми жарияланған жоқ, алайда ол оны өткізгісі келетінін жеткізді, — деп атап өтті Сулейман.

Leave A Reply

Your email address will not be published.