Дәл қазіргі уақытта Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші жаңа маусымы ашылуда. Жаңа маусымның шымылдығы жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен түрілді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Ашылу салтанатын театрдың директоры Болат Бекжанов ашты.
— Бүгін міне, театрымыздың 83-ші маусымын ашып отырмыз. Алғашқы қойылымға жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асанбайдың аққайыңдарын» таңдап алдық! Сондай-ақ, осы залда автор Мархабат Байқұттың өзі қонақ болып отыр. Ал, құрметті көрермен бүгінгі кешке келгендеріңізге көп рахмет! — деді театр басшысы.
Драмада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында тоталитарлық режимнің қуғын-сүргініне түсіп, басынан өткерген қиын-қыстау тағдыр жолы баяндалады.
Премьераны тамашалауға облыс, қала әкімдігі басшылары, облыстық басқармалардың жетекшілері, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер келді.