Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен суармалы жер көлемін арттыру бойынша жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасады.
Қазіргі таңда өңірімізде барлығы 184 мың гектар суармалы жер бар. Оның 95 мың гектары қолданыста десек, 89 мың гектарын қалпына келтіру керек. Басқарма басшысы оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жоспарланып отырғанын да тілге тиек етті. Нақтырақ айтсақ, 70 мың гектар жер «Қазсушар» мекемесімен, 19 мың гектар жерді жақында құрылған механикалық жасақтың көмегімен қолданысқа енгізу көзделуде екен.
Сондай-ақ, 20 тоғанды пайдалануға беру арқылы 4 мың гектар, 24 қолданыстағы су қоймасының астындағы 90 км су жүйелерін қалпына келтіру арқылы қосымша 9 мың гектар егістік жерлері пайдалануға енгізілмек. Осылайша, 2018-2021 жылдары облысымыздағы жалпы суармалы жер көлемін 197 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Айта кету керек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңіріміздегі суармалы жер көлемі 209 мың гектардан асқан. Кейіннен әртүрлі себептермен бірқатар жерлер тозығы жетіп, қолданыстан шыққан.
Облысты дамытудағы басым үш бағыттың бірі ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысы агро саладағы сан түрлі мәселелердің шешімін табуға бағытталған дамыту картасын әзірлеуден басталуы керек. Мәселен, өсімдік шаруашылығы бойынша қант қызылшасының егу көлемі зерделеніп, оны арттыру қолға алынбақ. Сондай-ақ, суармалы жерлердің әр гектарының тиімділігі мен жердің кірістілігі анықталмақ. Жер қатынастары басқармасымен және жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасымен қолданыстан шығып қалған 200 мың гектарға жуық егістік жерлерді қайта айналымға қосу шаралары жоспарланып отыр. Тұқым саласы бойынша тұқым шаруашылықтарына көмек көрсету жолдарын қайта қарастыруды жүктеді. Мұнда республикадағы тұқым шаруашылығы саласының жетістіктерін шаруа қожалықтарына жеткізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Сондай-ақ, шаруашылықтар өнімділігі жоғары, аудандастырылған бидай және арпа тұқымдарының сорттарын пайдалануға көшуі тиіс. Ал, ауыл шаруашылығындағы дәнді-дақылдарды әртараптандыру, сұранысқа ие өнімді өндіру және оны өңдеу мәселелеріне ерекше назар аудару керектігі айтылды. Агрохимия бойынша тыңайтқыштар енгізілетін алқаптарды ұлғайту көзделуде. Ол үшін облыс көлемінде өндірілген дәнді дақылдарға талдау жүргізіледі. Сонымен бірге, облыстағы бидай егілетін алқаптарға егістіктің басқа түрін егу бастамасы мен өзге облыстардан бидайды тасымалдау шығындарына қатысты нақты ұсыныстар даярланады. Суармалы жерлер бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс аумағындағы бұрынғы суармалы жерлерге толық талдау жүргізіп, оны қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, ауыл шаруашылығы басқармасына береді. Мұнан бөлек, иесіз жатқан каналдар анықталып, оларды коммуналдық меншікке қайтару жөнінде пәрменді шараларда қолға алынады. Аудандарда шағын тоғандар салу да жоспарларға енгізілді. Суармалы жерлердің алқабын көбейтуде тек республикаға ғана сүйенбей облыс деңгейінде де нақты жұмыс атқару керек. Соның бірі ретінде арнайы мехотряд құру арқылы шешу мәселесі айтылды. Қой шаруашылығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен жүнді қайта өңдейтін зауыт салу жолдарын қарастыру керектігі тапсырылды. Мұнан өзге агроөнеркәсіптің қайта өңдеуде кәсіпорындардың субсидиялар алу, қаржылық ұйымдар мен аудан әкімдері бірлесіп көктемгі егіс жұмыстарына республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны толығымен игеру жұмыстары да өз деңгейде ұйымдастыруға мән беріледі. Облыстағы ауыл шаруашылық құрылымдарының құрама жемге қажеттілігіне талдау жасап, зауыттардың олардың қажеттілігін өтеу қабілеті сараланады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін бекітілген жоспарға сәйкес құру қамтамасыз етеледі. Өңірдегі жылыжайлар алқабын дамыту кеңейту, дамыту, көбейту мәселелері қолға алынбақ.
Асқар Исабекұлы облыстағы суармалы жер көлемін ұлғайту жоспарын 197 мың гектармен шектемей, одан да асыруды назарға алды. Ол үшін өңірдің бар әлеуеті мен мүмкіншілігін бағамдап, жаңа технологиялардың тиімділігін, жер асты және жер үсті су көздерін ескеруді баса айтты. Өңір басшысы бұл бойынша жауапты тұлғаларға арнайы сараптама жүргізіп, жоспар құру керектігін жеткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.